Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Әлия Қошқарбаева әкесінің батырлық атақты ала алмағанына ешқашанда мойымағандығын, қайта қашанда ақжарқын, көңілді болып жүргендегін еске алды.
«Әкем, шындық айтылмай қоймайды, тарих, уақыт барлығын ерте ме, кеш пе өз орнына қояды»,дейтін. Ал өзіне батырлық атақтың бұйырмағанына ешбір күйзеліп көрген емес, қайта жігерленіп, айналасындағыларға рух беріп, қашанда көңілді, ақжарқын жүретін».
Отан үшін жасаған ерліктің ерте ме, кеш пе ескерілетіні сөзсіз. 2001 жылы Рахымжан Қошқарбаевқа тәуелсіз еліміздің ең жоғары марапаты «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Әлияның айтуынша, Рейхстагқа қазақ ұлының қызыл туды алғашқы болып тігуі тегін емес.
«Қазақ бақыт үшін, бостандық үшін өмір-бақи күресіп келген жауынгер халық. Сондықтан да Рейхстагқа жеңіс туын алғашқы болып, менің әкемнің, яғни қазақ батырының орнатуы тегін емес. Бұл тарихи, терең мәнге ие», - деді Ә. Қошқарбаева.
Сөз соңында ол жиналған жұртшылыққа, қонақ үй басшылығына, Алматы қаласы әкімдігіне рахметін айтып, әкесінің көзін көрген майдандас достарына және бүгінгі жиынға жиналған басқа да Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тағзым етті.
«Барлықтарыңызға рахмет! Енді ешқашан соғыс болмасын! Жас жауынгерлерге айтарым, әскери формаларыңызды тек салтанатты шеруде ғана киіңіздер дегім келеді. Ал ардагерлерге басымды иемін. Біз мұндай бақытты өмірге сіздердің арқаларыңызда ғана қол жеткіздік. Сіздерді әлі ұзақ жылдар қатарымыздан көреміз деген үміттемін. Дендеріңіз сау болсын», - деді Ә. Қошқарбаева.