ОРАЛ. 3 сәуір. ҚазАқпарат - «Жайық Пресс» ЖШС және аудан әкімдігінің қолдауымен Шыңғырлау аудандық «Серпін» газетінің редакциясына жаңа «Нива» автокөлігінің кілті табыс етілді.
Биылғы жаңа жылдан бастап он бір аудандық газет «Жайық Пресс» ЖШС-ға (бас директоры Жантас Сафуллин) біріктірілген болатын. Бұрын серіктестік құрамында облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері болса, қазіргі кезде аудандық филиалдар ашылып, жұмыс жасауда. Соның нәтижесінде аудандық газеттердің шығармашылық сапасы артып, материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында нақты шаралар қолға алынуда. «Серпін» газетіне жаңа автокөліктің берілуі - соның бір дәлелі.
Бүгін «Жайық Пресс» ЖШС-ында аудандық газеттер бас редакторларымен кеңес өткізіліп, алда тұрған мақсат-міндеттер айқындалды. Соңғы кезде аталмыш газеттер беттерінің көбейіп, көркемделуі жақсарғаны, облыстық басылымдарда аудандық газеттер қызметкерлері үшін тәжірибе алмасудың ұйымдастырылып отырғаны, серіктестікке ортақ сайттың ашылғаны, осындай істердің алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).