Оны ресейлік мүсінші Даша Намдаков жобалады. Шыңғысхан мүсінінің салтанатты ашылуы бурят суретшісі, ұста және зергер Д.Намдаковтың Лондонның «Хэлсион» галереясындағы шығармалар көрмесімен ұштастырылып отыр. «Әлемдік көшпенді» деп аталатын көрме 5 мамырда ашылып, 7 шілдеге дейін созылады. Моңғол империясының негізін қалаған ұлы қолбасшының қола мүсіні оның ішкі күш-қуатын, алға ұмтылған жауынгерлік бейнесін бейнелейді. Қару-жарақтарын асынып, ат үстінде отырған ол бейне-бір аспаннан түскендей әсер қалдырады.
«Бұл шығармамен жұмыс үстінде мен тарихи тұлғаның ғана емес, аспаннан түсіп, адамдарға ізгілік сепкен эпостық батырдың кейпін беруге тырыстым, - деді мүсінші журналистерге берген сұхбатында. - Оның тірі кезіндегі бейнесі сақталмаған. Деректі фактілер де әртүрлі. Сондықтан да эпостық кейіпке тоқталдым».
Намдаков бұл жобаны екі жылдан астам уақыт әзірлеген. Өткен жылы мүсінші Букингем сарайында Елизавета ІІ патшайымның жұбайымен кездескен. Эдинбург герцогы ресейлік мүсіншінің шығармашылығына қызығушылық танытқан.
Буддист-суретшінің жұмыстары Третьяков галереясында және Эрмитажда қойылған. 2003 жылы Намдаков Ресей көркемсурет академиясының мүше-корреспонденті атағына ие болды. Мүсінші Жапонияға көрме әзірлеуде және Шанхай өкімет орындарымен қала үшін монументалдық шығармалар жасау жөнінде келіссөздер жүргізуде.