Шыңжаңда қуаты 7,3 баллдық жер сілкінісі тіркелді

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Шыңжаңда қуаты 7,3 балл жер сілкінісі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Сейсенбі күні Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының оңтүстік-батысындағы Юйтянь уезінде жергілікті уақыт бойынша сағат 17.19-да қуаттылығы 7,3 баллдық жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің кіндігі 12 шақырым тереңдікте болды. Қатты жер сілкінісінен соң 46 афтершок орын алды. Әзірге қираған ғимараттар мен құрбан болғандар туралы мәліметтер жоқ.

ҚХР басшылығы халықты аталған апаттың себептерін анықтауға және ол туралы толық ақпарат жинауға барлық күш-жігерлерін салуға шақырды.

Апат болған аймаққа екі әскери тікұшақ жіберілді. Жергілікті билік өкілдері оқиға орнына 25 адамнан тұратын құтқару тобын жіберуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта Шыңжаңның оңтүстігіндегі теміржол қатынасы тоқтатылды.

Сейсенбі, 11 ақпан күні дәл осы ауданда күші 5,7 баллдық жер сілкінісі тіркелгенін еске сала кетейік. Зілзала аймағында 200 мың адам тұрып жатқан, олардың басым бөлігі ұйғырлар. Апат болған аудан Куньлунь тауының етегіндегі таулы аймақ болып табылады.