07:52, 24 Сәуір 2009
Шынжаңда жер сілкінісінен 11 ауыл зардап шекті
БЕЙЖІҢ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Кеше, сәуірдің 23-інде Қытайдың Шынжаң өлкесінің Қызылсу-Қырғыз автономиялық облысында болған зілзала кезінде 11 ауыл зардап шекті.
Алдын-ала мәліметтер бойынша, магнитудасы 5 баллдық жерасты дүмпулерінің салдарынан 260 шақты үй қирап, 5 800-дей адам баспанасыз қалып отыр. Адам құрбандықтары және жараланғандар туралы мәліметтер жоқ. Шынжаңдағы жер сілкінісі кезінде көп ғимараттардың қирауына оларды салу кезінде сейсмоорнықтылық нормалары ескерілмегені және арзан құрылыс материалдарының, оның ішінде күйдірілмеген кірпіштің пайдаланылғаны себеп болғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Шынжаңның Сейсмология орталығының мәліметтері бойынша, сәуірдің 22-сінде болған жер сілкінісі осы айдың басынан бергі төртінші жерасты дүмпуі. Алғашқы жер сілкіністері Атуш қаласы аймағында сәуірдің 10-ы мен 13-інде болса, ал сәуірдің 19-ында көрші Ақсы уезінде Рихтер бағамы бойынша 5,5 баллдық жерасты дүмпуі тіркелген болатын.