Шыңжаңдық қазақтың рекорды, Тибеттегі қодас бәйгесі, айран ішу мерекесі - шетелдегі қазақ баспасөзі
Шыңжаңдық қандасымыз 200 метрге жүгіруден рекорд жаңартты - CNR
Ақмұрат – Шэньси педагогикалық университетінің бірінші курс студенті. 13 тамызда 21-ші мемлекеттік университеттердің жеңіл атлетика чемпионатында ол ерлер арасында 200 метрге жүгіруден 20,56 секундтық көрсеткішпен чемпион атанды. Бұл аталған турнир рекордын 0,22 секундқа жаңартып, халықаралық спортшы стандарты дәрежесіне жетті.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «kazakcnr.com» ақпараттық порталы хабарлады.
Аталған басылымның дерегінше, Шыңжаң жеңіл атлетика тарихында тек үш спортшы халықаралық дәрежедегі атлет атанған. Ақмұраттың 20,56 секунд көрсеткіші Қытай елінің атақты спринтері Си Женьеден 20,49 секундпен екінші орынға шықты. Бұл Қытайдағы биылғы екінші үздік көрсеткіш және осы нәтижемен биылғы жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында жүлделі орынға ие болуы мүмкін.
Айта кетейік, Ақмұрат Шыңжаң өлкесі Санжы қаласындағы Ашылы елді мекенінде малшы отбасында дүниеге келген.
6 сыныпта оқып жүргенде оны Санжы №1 орта мектебінің жеңіл атлетика командасының жаттықтырушысы Хан Чао таңдап алған.
Хан Чаодың жетекшілігінде үш жылдық жүйелі жаттығулардан кейін 2018 жылы Қытайдың мемлекеттік орта мектеп оқушыларының жеңіл атлетика жарысында Ақмұрат 100 және 200 метрге жүгіруден жеңімпаз атанған.
«Ақмұраттың бойы – 1,88 метр. Университетте оқыған жылы 3 сантиметрге және 3 келіге өсті, бұл оның бұлшықет күшін жақсартқан», - деп түйіндейді қытайлық басылым.
Ташкент пен Шымкент арасында жаңа туристік маршруттар ашылады
- «ӨзА»
Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және -өкілетті елшісі Саидикром Ниёзхожаев бастаған делегация Шымкент қаласында болды.
Өзбекстандық дипломаттар Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты. Сондай-ақ АЭА басшысы Нұрәлі Арғынбаев және басқарма төрағасының орынбасары Мақсат Көшеровпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.
Онда екі елдің экономикалық аймақтары арасында өзара ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу және басқа да мәселелер талқыланған.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, сапар барысында Өзбекстан дипломатиялық миссиясының делегациясы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесті. Диалог барысында екі жаққа да тиімді туризм, сауда, өнеркәсіп және мәдени-гуманитарлық салалардағы перспективалық жобалар талқыланған.
Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Ташкент-Шымкент бағытында жаңа туристік бағыттарды ашуға және Өзбекстандағы мәдени-гуманитарлық және туристік шараларға аймақтық делегацияны жіберуге дайын екенін мәлімдеген.
Тибеттің Лхаса қаласындағы адамдар қодас бәйгесін өткізіп, айран ішу мерекесін тойлады - «Халық» газеті
16 тамызда Тибеттің Лхаса қаласы Можугонка ауданына қарасты ауылда тұрғындар қодас бәйгесін өткізіп, айран ішу мерекесін тойлады. Айран ішу мерекесі – Тибет халқының ұлттық мерекесі.
Қытайлық БАҚ-тың деректеріне сүйенсек, 16 тамызда Тибеттің Лхаса қаласы Можугунка уезінің тұрғындары мерекелік киім киіп, ұлттық шараны атап өту үшін қодас жарысын өткізген. Тибет халқы үшін аталған жарыс бірегей спорттық шара екені айтылады. Мерекелік фестивальдің қызығын арттыру үшін жыл сайын қодас бәйгесі өткізіліп келе жатқан көрінеді.
Түрік Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар – «TRT»
Бағдарламамыздың бүгінгі бөлімінде Түрік Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар талқыланады. Өткен аптада Түрік Республикаларында маңызды оқиғалар болды. Енді оларды ретімен қарастырайық, деп бастайды түркиялық басылым.
Түрік Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар тізбегі 2023 жылдың 8 тамыз күні Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев «Cengiz Holding» төрағасы Мехмет Дженгиз бастаған түрік делегациясын қабылдағаны туралы ақпаратпен басталып, 8 тамыз күні Бакуде Әзербайжанның Халықаралық қатынастарды сараптау орталығы мен Өзбекстанның Орталық Азия халықаралық институты тарапынан «Әзербайжан-Өзбекстан: Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты дөңгелек үстел өткені туралы ақпаратпен жалғасын тапқан.
Ары қарай Түрік Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалардың тағы бірнешеуі туралы жаза келіп, 11 тамыз күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының уақытша төрағасы, Солтүстік Македония Сыртқы істер министрі Буджар Османиді қабылдады, деген жаңалықтармен жалғасады.
Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан өткен аптада Ақтауда бірлескен әскери жаттығу өткізгені туралы ақпарат сөз болған. Бұл жолғы «Қанжар-2023» деп аталатын әскери оқу-жаттығуды екі ел қорғаныс министрлері Руслан Жақсыбеков пен Баходир Құрбанов бірге тамашалағанын да тілге тиек етеді.
Осы аптада жарияланған күн тәртібіндегі оқиғалар «Түрік Республикалары арасында бірлескен және өзара әскери оқу-жаттығулар ұйымдастыру дәстүрге айналды. Оқиғалардан көрініп тұрғандай, өткен апта Түрік Республикалары арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды жаңалықтар жүзеге асты», - деп түйінделген.
Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да«Қазақстанға келетін турист саны күн санап артып келеді» деген ақпарат жарияланды.
Түркия Радио Телевизия порталы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, биылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстанға келген турист саны өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есе артып, шамамен 228 мың адамға жетті, деп хабарлады.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, өткен жылдың сәйкес кезеңінде Қазақстанға 97 мың шетелдік турист келсе, ел ішінде саяхаттаған отандық туристер саны да артқан. Осы жылдың қаңтар-наурызында ішкі турист саны 20 пайызға артып, 1 миллион 348 мыңға жетті.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков бұны туристердің Қазақстанға деген қызығушылығының көрсеткіші ретінде бағалады.
Абылақи қария апатқа ұшыраған районға 50 мың юань көмек атады - «Орталық халық радиосы»
Соңғы уақытта Бейжің, Тяньцзинь, Хэбэй, Хэйлунцзян және басқа жерлерде толассыз жауған жауын-шашын салдарынан су тасқыны мен геологиялық апаттар болып, халықтың өндірісі мен өміріне орасан зор шығын әкелді. Түрлі жерлерде төтенше жағдайда құтқару жұмыстары басталды. Бұл төтенше жағдайға Буыршын ауданы Қостық қалашығының тұрғыны 81 жастағы Абылақи Оташұлы назар аударды. Атап айтқанда, 14 тамызда Абылақи Оташұлы апат аймағына «арнайы партия жарнасын» төлеу түрінде 50 мың юань (3 173 500 теңге - авт.) көмек көрсетті, - деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметтеріне сүйенсек, биыл 81 жастағы зейнеткер бұрын Алтай аймағы Буыршын ауданында жауапты қызметтер атқарған. Зейнетке шыққаннан кейін Қостық қалашығындағы ауылына оралыпты.
Басқаларға көмектесу А.Оташұлының өмірлік ұстанымы деуге болады. Толық емес статистикаға сәйкес, ол 2003 жылғы SARS індетіне, 2008 жылғы Вэнчуандағы жер сілкінісіне, 2013 жылғы Сычуандағы жер сілкінісі және 2020 жылы COVID-19 эпидемиясы кезінде қайырымдылық шараларына белсенді түрде үлес қосқан.
Қазақстан мен Армения – ТМД-ға мүше елдер арасында еркін экономикаға ие жалғыз мемлекет – «Parstoday»
Ирандық «Parstoday» ақпарат агенттігінде «Қазақстан мен Армения – ТМД-ға мүше елдер арасында еркін экономикаға ие жалғыз мемлекет» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
«Parstoday»-дің «Heritage Foundation» зерттеу орталығына сілтеме жасап мәлімдеуінше, ТМД-ға мүше елдер арасында Қазақстан мен Армения ғана салыстырмалы түрде еркін экономикаға ие.
«Parstoday» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Армения Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен Орталық Азия елдері арасында 65,1 көрсеткішімен 50-орында, ал Қазақстан 62,1 көрсеткішімен 71-орында тұр. Бір жыл бұрын Қазақстан 64,4 көрсеткішімен 64-орында болатын.
«Осылайша тек Қазақстан мен Армения салыстырмалы түрде еркін экономикаға ие елдер (60-69,9 ұпай) тізіміне енді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа елдер мен Орталық Азия елдері, Түркіменстаннан басқасы еркін емес экономикаға ие елдер (50-59,9 ұпай) тізіміне тіркелген. Еркін емес экономикаға ие елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь пен Тәжікстан», - деп жазады «Parstoday».
Сонымен қатар осы аптада «Parstoday» ақпарат агенттігінде «Каспий теңізінің Қазақстандағы бөлігіндегі жағалаудың таңғажайып тазалығы мен сұлулығы» деген тақырыптағы бейнеролик жарияланды. Аталған бейнероликтен теңіз суының тазалығын аңғаруға болады. Ирандық басылым видеоның соңына «Қазақстанның Ақтау қаласындағы жағалаудың таңғажайып тазалығы мен сұлулығын тамашалаңыздар» деп жазады.
Жаз жайлаудағы жарасымды тіршілік - «Халық» газеті
Сорбастау Шыңжаңдағы Орталық Тяньшань тауларының солтүстік етегінде орналасқан, теңіз деңгейінен орташа биіктігі 2000 метрден асады. Бұл Шыңжаңның Санжы қаласы Мяоергоу ауылындағы маңызды таудағы жайлау, деп хабарлайды Қытайдың «Халық» газеті басылымы.
Аталған басылымның дерегінше, мұнда келе қалсаңыз, көзіңізге жайлаудағы тіршілік бірден түседі. Көсіліп жатқан кең, жасыл жайлаудағы киіз үйлер мен ағаш үйлер, жайылып жүрген табынды сиыр, қоралы қойлар көрінісіне көз тоймайды.
«Тамаша экологиялық орта жергілікті малшылардың өндірісі мен өміріне ықпал етеді. Осындай көркем көрініс туристерді осында келіп демалып, табиғат аясында тыныстап, малшылар тіршілігін көріп, сезінуге әсер етеді», - деп жазады қытайлық басылым.