ШЫҰ арнайы қызметтерінің басшылары Саратовта өткізіліп жатқан оқу-жаттығулардың нәтижелерін талқылайды

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылғы тамыздың 16-26-сы аралығында Шанхай ынтымақтастық ұйымының арнайы қызметтері «жауынгерлік ұрысқа барынша сәйкестендірілген» «Саратов - Лаңкестікке қарсы-2010» оқу-жаттығуларын өткізуде, деп хабарлайды РИА Новости.

ШЫҰ мүше мемлекеттері арнайы қызметтерінің басшылық құрамының бас қосуы Саратовта лаңкестікке қарсы күрес оқу-жаттығуларының қорытындысы бойынша өткізіледі.

Кездесу барысында халықаралық лаңкестікке қарсы күрестің көкейкесті проблемаларын талқылау, лаңкестікке қарсы қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыруға қатысты тәжірибе алмасу, сонымен қатар, осы салада өзара іс-қимыл жасасуды жетілдіруге қатысты ұсыныстарды жасап шығару жоспарлануда.

Сәрсенбі, тамыздың 25-інде Саратовта журналистерге берген сұхбатында РФ ФҚҚ директоры Александр Бортников хабарлағандай, ШЫҰ аясындағы лаңкестікке қарсы күрес оқу-жаттығуларының белсенді фазасы аяқталғаннан кейін, ШЫҰ мүше мемлекеттерінің арнайы қызметтері лаңкестік қаупінің алдын алу жұмыстарын тиімді атқару үшін жедел ақпарат алмасуы тиіс.