Бұл бүгін Алматыда өз жұмысын аяқтаған «Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жолындағы 10 жыл: ШЫҰ кеңістігіндегі қазіргі заманғы жаңа қауіп-қатерлерге қарсы сәтті тәжірибе» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
«ШЫҰ мүше мемлекеттер лаңкестік-экстремистік ұйымдардың бәріне бірдей тиым салып отырған жоқ. БҰҰ-ның шешімі болса да. Мәселен, Әл-Каида ұйымына ШЫҰ-дағы 5 елде тиым салынған. Қытайлық әріптестеріміз Әл-Каида қызметін сезінбегендіктен оған қарсы ешқандай шаралар қолданған жоқ. Сол сияқты Шығыс Түркістан ислам қозғалысы ұйымына да 5 елде ғана тиым салынған»,- дейді ШЫҰ Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымы директоры Жеңісбек Жұманбеков.
Оның айтуынша, БҰҰ лаңкестік-экстремистік ұйымдарға қатысты арнайы шешім қабылдағаннан кейін ШЫҰ да бірыңғай ортақ ұйғарымға келуі керек. Қазіргі таңда ШЫҰ аймағындағы 58 ұйымның бес-алтауы бойынша ғана мүше елдерде ортақ шешім қабылданған. Оны сарапшылар тобы анықтап бір шешім жасауы керек. Қазір Қазақстан ШЫҰ аумағындағы 58 лаңкестік-эктремистік ұйымдардың 20-дан астамына ғана тиым салып отыр. Сондықтан ШЫҰ-дағы қайта құрылымдау хатшылықта ғана емес ондағы барлық құрылымдарды да қамтуы керек. Өйткені кейбір құрылымдарда дербес жұмыс жасайтын екі мекеме бар. Олар бір-біріне бағынбайды. Бұл - дұрыс емес.