ШЫҰ аймақтағы қауіпсіздіктің барлық сипаттағы мәселелерін қараудың маңызды форумына айналып отыр - Ұйым Бас хатшысы
Осыған қатысты өз пікірін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Болат Нұрғалиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында білдірді.
- Болат Қабдылхамитұлы, ағымдағы жылы Сіз Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы ретіндегі миссияңызды аяқтайсыз. Осы лауазымдағы Сіздің қызметіңіздің негізгі жетістіктері туралы айтып өтсеңіз.
- 2009 жылы желтоқсанның 18-інде БҰҰ Бас Ассамблеясы 64-ші сессиясының пленарлық отырысында мен «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы арасындағы ынтымақтастық» қарарын бірауыздан қолдаған барлық мемлекеттерге алғысымды білдірдім. Ол шешуші сәт болды. Осы қарарды өткізу үшін біз екі жылдан астам уақыт жұмыс істедік. Және менің ойымша, қарардың кіріспесінде айтылғандай, «... аймақтағы қауіпсіздіктің барлық сипаттағы мәселелерін қараудың маңызды форумына айналған» Шанхай ұйымын халықаралық қоғамдастықтың мойындауы тұрғысынан, бұл құжаттың маңызы зор және мұны менің қызметімнің басты жетістіктерінің бірі деп санауға болатын сияқты.
Әлемнің екі жүзден астам елінің делегацияларының алдында БҰҰ мінбесінен сөз сөйлеу мүмкіндігі, әрине ерекше жауапкершілік жүктеді. Біздің ұжымдық жұмысымыздың еш кетпегеніне мен қуаныштымын - Ұйымға мүше Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің атынан енгізілген бұл қарарды барлық елдер қолдады.
Мен ШЫҰ Бас хатшысы болған үш жыл кезеңдегі маңызды мәселелердің қатарында - 2007 жылы Бішкекте, 2008 жылы Душанбеде, ағымдағы 2009 жылы Екатеринборда өткен ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің саммиттерін айтар едім.
Ал жалпы айтқанда, өткен үш жылда ШЫҰ кеңістігіндегі өзара іс-қимылдар оң динамизммен, Шанхай жобасын жүзеге асыруға жұмылдырылған барлық құрылымдардың белсенді және үйлесімді жұмыстарымен және ортақ ығыттар мен қатерлерге бірлесіп қарсы тұру - табысты әлеуметтік-экономикалық дамуды және елдеріміздің ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ететінін түсінуімізбен мазмұндалды. Біз бірлесе отырып қана тиімді әрекет ете алатынымызды, алға қойған мақсаттарға толымдырақ қол жеткізетінімізді түсіндік.
- Сіздің ойыңызша, Ұйымға мүше мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықтың қай бағыты басымды болды? Саясат па немесе экономика ма?
- Менің ойымша, экономикалық және саяси өзара іс-қимылдарға бірдей басымдық берілді. Себебі, Ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы саяси үдерістердің бағыттылығы мен экономиканың ауқаттылығы арасындағы өзара байланысқа, яғни әлеуметтік-экономикалық проблемаларды табысты шешуге
арқа сүйейді. Мысалы, қауіпсіздік саласындағы ығыттарды алайық. Олармен күресу, жағдай талап еткен шамада үн қату, елдердің экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты болады. Бір бағытты ғана маңызды деп қарау немесе бір мәселені назардан шығарып алып, ынтымақтастықтың екінші бағытын ғана дамыту -бізге тән емес. Барлық деңгейде, оның ішінде мемлекет басшыларының деңгейінде де, ШЫҰ қызметінде саясат пен экономиканың қатар қарастырылу керектігі үнемі атап көрсетіледі.
- Энергетика саласындағы ынтымақтастық - ШЫҰ қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. ШЫҰ елдерінің энергетикалық ынтымақтастығының ағымдағы жағдайы мен перспективасы туралы айтып өтсеңіз?
- Қаншалықты маңызды болса да, энергетика Ұйым ынтымақтастығының бір ғана сипаты. ШЫҰ аясында энерготасымалдау тұрғысынан үш санаттағы елдер бар, олар: экспорттаушы елдер, импорттаушы елдер және транзиттік елдер. Әрине, өндіруші елдер барынша мол табыс тапқысы, тұтынушылар энергоресурстарды барынша төмен бағамен алғысы, ал арағайындар өз аумақтарын мұнай-газ құбырлары мен электр желілері үшін беруден көбірек мол кіріс көргісі келеді. Осыған байланысты, энергетикалық ынтымақтастықтың басты міндеті - мүдделері үйлеспейтін аталған үш санаттың арасында саналы теңгерімді қамтамасыз ету болып табылады. Оған қоса, өздеріңіз білесіздер, ШЫҰ елдерінде энергияның балама көздерін, атом энергетикасын және су энергетикасын дамытудың әлеуеті мол. Гидроэнергетиканы дамытуға қатысты Ұйымның бірқатар елдерінің бірегей әлеуеті бар. Осыған байланысты электр стансалары салынатын өзендердің бас жағындағы елдер мен төменгі ағыста орналасқан елдердің мүдделері ескерілетін суағарларды реттеу мәселелеріндегі жобаларды әзірлеу керек.
Сондай-ақ, ШЫҰ-ның ұзақмерзімдік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасында энергетикалық саладағы ынтымақтастық мәселесіне арналған тұтас тарау бар. Міне сондықтан да, бұл келешегі кемел және маңызды мәселе.
- Сіз басқа жұмысқа ауысып жатқаныңыз белгілі. Өзіңізді алдағы жоспарларыңызбен бөлісіп өтсеңіз?
- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасының арнайы өкілі ретінде, мен Ұйым кеңістігіндегі ұзаққа созылып отырған қақтығыстардың проблемасымен айналысатын боламын деп пайымдалуда. ШЫҰ сияқты халықаралық ұйымдағы жұмыс тәжірибемнің пайдасы зор болмақ. Шанхай ұйымына мүше алты елдің бесеуі ЕҚЫҰ-ға мүше болып табылады. Қазіргі уақытта мен жаңа жұмысымда айналысатын қақтығыстардың табиғатын зерттеудемін. Атап айтқанда, олар - Кавказдың оңтүстігіндегі жағдай, Таулы Қарабақ, Приднестровье проблемалары. Әрбір нақты жағдайда тараптар өз дәйектерін қорғап, қақтығыстардың тарихына қатысты өз пікірлерін айтуда.
Ал Қазақстан, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде, 2010 жылы барынша объективті болуға талпынады.