ШЫҰ бақылаушылар миссиясының мүшесі Кришна Кенгаппа Қазақстанға сайлауға дейін апта бұрын келген. Алайда, бұл миссияға олар екі ай қалғанда дайындала бастағандарын айтады.
«Орталық және жергілікті сайлау комиссиялары бізге барынша көмек көрсетті. Сайлауға және оны өткізу тәртібіне қатысты барлық қажетті ақпаратты ұсынды. Біздің бақылаушылар Қазақстанның 8 қаласында, барлық өңірлерде жұмыс істеуде. Және олардан келіп жатқан есептерге сүйенсек, сайлау учаскелерінде барлығы жақсы өтіп жатыр. Қазақстан сайлауға өте мұқият дайындалғаны көрініп тұр», - деді Кришна Кенгаппа.
Сондай-ақ, шетелдік байқаушы осы сайлаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан ШЫҰ-да үлкен рөл атқарады. Ол осы ұйымның жетекші елдерінің бірі болып табылады. Жақында Нұр-Сұлтанда ШЫҰ көшбасшыларының кездесулері өтті. Онда Қазақстанның әлемдік саясаттағы рөлі ерекше екені атап өтілді. Себебі ол Орталық Азияның ең ірі елдерінің бірі болып табылады. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл сайлау өте маңызды. Қазақстан тез дамып келе жатқан мемлекет. Ал Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған қадамдар мен бағыттар қазірде өз нәтижесін беруде», - деп атап өтті ШЫҰ бақылаушылар миссиясының мүшесі
Қарағанды облысында барлығы 787 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлаушылар тізімінде 930 мыңнан астам адам бар. Оның 37 мыңы - мүмкіндігі шектеулі адамдар. Олар үшін дауыс беруге барлық жағдай жасалған.
Сондай-ақ, Қарағанды облысында сайлау барысын қадағалайтын «Аманат» Азаматтық платформасы қызмет атқаруда. Бұл қоғамдық ұйымдардың бастамасы. Оның негізгі міндеті - сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету және адамдардың сайлауға белсенді қатысуына септігін тигізу болып табылады. Облыс бойынша 898 тәуелсіз бақылаушы дайындалды, олар сайлау учаскелерінде жұмыс істеп жатыр.