ШЫҰ даму стратегиясы келесі жылы қабылдануы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының 2025 жылға дейiнгi даму стратегиясы келесi жылы Ресейде өтетін саммитте қабылдануы мүмкiн.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қазақстан Республикасының Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы жұмысы жөніндегі Ұлттық үйлестіруші, ҚР СІМ Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Шахрат Нұрышев мәлім етті. Еске салайық, брифинг Душанбедегі ШЫҰ мүше мемлекеттер Басшылары кеңесі отырысының қорытындыларына арналған болатын.

СІМ өкілінің айтуынша, ҚР Президенті Н. Назарбаев 2011 жылы ШЫҰ-ның Астанада өткен мерейтойлық отырысында Ұйымның болашақ даму әлеуетi мен оның нақты стратегиясы болуы тиiстігін айтқан.

«Аталған ұсыныс аясында 2012 жылы ШЫҰ жақын келешекке арналған даму Стратегиясының негiзгi бағыттары қабылданды. Ал өткен Саммит барысында шешiм қабылданып, Сыртқы iстер министрлерi кеңесiне 2025 жылға дейiнгi даму стратегиясының жобасын әзiрлеу жұмысы тапсырылды. Аталмыш Стратегия ұйымның даму өлшемдерi мен нақты бағыттарын қамтып, ШЫҰ-ның халықаралық саясаттағы орнын нақты белгiлеуi тиіс», - дедi Ш.Нұрышев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда стратегия жобасы әзірленіп, Ұйымға мүше мемлекеттермен келiсуге жолданған.

«Осыған байланысты келiссөздер жүргiзiледі, арнайы жұмыс тобы құрылады. Соның нәтижесінде 2015 жылдың шiлдесiнде Ресейде өтетiн Саммит барысында Стратегияны бекiтуiмiз мүмкiн», - деді СІМ өкілі.