ШЫҰ елдері арасындағы шекараны бейбітшілік пен достық белдеуіне айналдыру керек - Атамбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері арасындағы шекараны бейбітшілік пен достық белдеуіне айналдыру керек. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұрақсыздық факторларының өршуі аясында шекаралық аудандардағы сенімді нығайту бойынша ынтымақтастықты тереңдетудің өзектілігі артып келе жатқандығын атап өтім келеді. Біз елдеріміз арасындағы шекараны бейбітшілік пен достықтың белдеуіне айналдыруымыз керек. Сондықтан «Шанхай рухына» берік болып қала беруге және Шекара мәселелері жөніндегі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы және өзара іс-қимылы туралы келісімге сәйкес нақты іс-қимыл жасауға тиіспіз. Бұл келісім 2015 жылы қабылданған еді», - деп атап өтті Атамбаев.

Сонымен қатар ол Қырғыз Республикасының сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыра түсіру қажеттігіне қолдау білдіретіндігін атап өтті.

«Қалай болғанда да ШЫҰ Даму банкін  құру туралы мәселені шешетін уақыт жетті. ШЫҰ Даму банкін құруға басымдық берумен қатар Қырғызстанның «Шанхай бестігін» құрушылардың бірі болғандығын тағы да бір мәрте еске салғым келеді. Сол уақыттан бері және қазір де ШЫҰ банкі құрылып, оның Бішкек қаласында орналасуын қалайтындығымызға назар аудартамыз», - деді  Қырғыз Президенті.