ШЫҰ елдерінде қаржы терроризміне қатысы бар 2 мың күдіктінің шоты бұғатталған

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - XII ШЫҰ мүше-елдері Жоғарғы Сот төрағалары кеңесінің барысында ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылым (ӨТҚҚ) Атқару комитеті директорының орынбасары Ахат Мұқашев кеңеске қатысушыларды ШЫҰ ӨТҚҚ шеңберінде құзыретті органдар жұмыстарының нәтижелері мен қауіп-қатерлері туралы хабардар етті, деп хабарлады Өзбекстандағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«ШЫҰ ӨТҚҚ заманауи әлем үшін негізгі қауіп Сирия-Ирак және Ауғанстан-Пәкістан аймақтарындағы халықаралық лаңкестік ұйымдардан келеді деген халықаралық сарапшылардың бағалауына қосылады. Сонымен қатар, келтірілген зияндарға қарамастан, олар өздерінің жауынгерлік қабілеттерін сақтап қалуда және жоғарыда аталған аймақтардың ішінде де, тысқарыда да үйлестірілген террористік шабуылдар ұйымдастыруға дайын», - деп атап өтті Ахат Мұқашев.

Сонымен бірге, ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитетінің директоры орынбасарының айтуынша, антитеррористік құрылымдардың қызметі өз жемісін беріп жатыр.

«Соңғы үш жылда ШЫҰ ӨТҚҚ шеңберінде бірлесіп атқарылған жұмыстар барысында құзыретті органдар террорлық және экстремистік сипаттағы 550-ден астам қылмыстың ізін кесті. ШЫҰ елдерінің азаматтары болып табылатын 1500-ден астам халықаралық террористік ұйымдар мүшелерінің қылмыстық әрекеттері әшкереленіп, қарулары тәркіленді», - деп атап өтті Ахат Мұқашев.

Еске салайық, Өңірлік терроризмге қарсы құрылым (ӨТҚҚ) Шанхай ынтымақтастық ұйымының тұрақты әрекет етуші органы болып саналады. ШЫҰ ӨТҚҚ Ташкент қаласында орналасқан.