Кеңес 2016-2017 жылдарға арналған Ынтымақтастық жоспары мен осыған дейінгі келісімдер негізінде ұйымдастырылды. Отырыстың күн тәртібіне шығарылған басты мәселелер - келешек Қорғаныс министрліктерінің кеңесі, 2017 жылға арналған ШЫҰ-на мүше-мемлекеттердің Қорғаныс министрліктерінің ынтымақтастық жоспарының барысын талқылау болып табылады.
Сонымен бірге жиынға қатысушылар 2018-2019 жылдарға арналған Ынтымақтастық жоспарының жобасын және басқа да ынтымақтастық мәселелеріне қатысты өзекті мәселелерді сөз етті. Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының қатысушысы болып, әскери ынтымақтастықты аумақтық және әлемдік деңгейде дамытып жатыр. Уақыт өткен сайын үдеп келе жатқан халықаралық терроризм мен діни экстремизм қатері тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтып, үйлестірілген бірлескен іс-қимылдарды қажет етуде.
Атап айтқанда, «Бейбіт миссия» бірлескен оқу-жаттығулары барысында өзара әрекеттестік жетілдіріледі. Осы іс-шара шеңберінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер лаңкестікке, экстремизм мен сепаратизмге қарсы тұру мәселелерін қарастыруда.