ШЫҰ хартиясы әлемге мемлекетаралық өзара іс-әрекеттің жарқын үлгісін көрсетті - Бас хатшы

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат -  24 наурызда Бейжіңде ШЫҰ негізгі құжаты - ШЫҰ Хартиясын қабылдаудың 15 жылдығына арналған ғылыми симпозиум өтті, деп хабарлады Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


Симпозиумға ШЫҰ хатшылығы, Қытай Қоғамдық ғылым академиясы бастамашылық етті. Симпозиум ШЫҰ проблемасымен айналысатын жетекші ғылыми мекемелер және «ақыл-ой орталықтарының» басшылары мен сарапшыларын жинады.

Симпозиум қатысушылары алдында ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов сөз сөйледі.
 

 «Хартия халықаралық практикада алғашқы жария заңгерлік құжаттардың бірі болып табылады. Онда халықаралық бірлестіктің іргелі сипаттамасы ретінде бірегей әріптестіктің үлгісі тіркеледі». Бүгін Хартия ынтымақтастықтың мақсаттары мен негізгі бағыттарын айқындап, Ұйым қызметінің берік құқықтық негізін қалай отырып, әлемге мемлекетаралық өзара іс-әрекеттің жалпыға бірдей  негіздерінің жарқын үлгісін көрсеткеніне ешкімнің күмәні жоқ», - деп атап өтті Бас хатшы.
 

 ШЫҰ аясында әріптестіктің ерекшеліктерін сипаттаған Алимов ШЫҰ - бастапқыда және тұтастай көп жақты әріптестік форматында құрылған көпбейінді халықаралық бірлестіктердің бірі екеніне тоқталды.
 

«Бұл Ұйымның беделі мен тартымдылығын білдіреді. Жай бір сапқа тізілу емес, өзара түсіністік, үстемдік емес, теңдік бар. Үйлестіруді әріптестіктің негізгі элементі деп атауға болады. Үйлестіру тығыз болған сайын, өзара түсіністік те тереңдейді, теңдік қатаң сақталған сайын әріптестік те нығайып, тиімді бола түседі», - деді дипломат.