ШЫҰ хатшылығында Қазақстанның мәдени күндері өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығында Қазақстанның мәдени күндері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Қытайдағы арнаулы тілшісі Садық Әкежанов.

  
Шараға Қытайдың мәдениет министрі Дин Вэй, ҚХР СІМ Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің басшылығы, сонымен қатар Қытайда аккредиттелген ШЫҰ-ға қатысушы елдердің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары қатысты.

   

«ШЫҰ-ның штап-пәтерінің ауласындағы жасыл алаңқайда алғаш рет қазақ киіз үй орнатылды. Бұл тамыры  ғасырлар қойнауына кеткен қазақ халқының салт-дәстүріне деген құрмет.  Бүгінгі Қазақстан өнердің барлық бағытында өсіп-өркендеген, қазақстандық орындаушылар халықаралық тасымалдыққа ие болған», - деп атап өтті ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов.

Ол ШЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Қазақстанның мәдени күндері ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық, ШЫҰ-ның 15 жылдық мерейтойы аясында өтіп отырғандығын баса айтты.

   

Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық негізгі жетістіктеріне тоқталып өтті. Еліміздің мәдени дамуы жайында сөз  қозғап, Қазақстанның өңірлік және жаһандық проблемаларды шешудегі рөліне тоқталды.

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен іске қосылған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында елдің тарихи-мәдени мұрасы жүйелендіріліп, кеңінен айналымға енгізілді. Тарихи және мәдени ескерткіштер түгенделіп, қайта жаңғыртылды. Мәдени мұралардың инфрақұрылымы кеңейтіліп, түрлі бейіндегі театрлар ашылды, көптеген музейлер, жоғары кәсіби шығармашылық және музыкалық ұжымдар құрылды киноиндустрия мен кітапхана саласы дамыды. Мұның барлығы да қазақстандық мәдениеттің әлемдік «визиткалық картасына» айналды», - деді ол.

Қытай Мәдениет министрінің орынбасары Дин Вэй өз сөзінде Қазақстанды Жібек жолының маржаны деп атап өтті.