ШЫҰ қазір әлемдегі ең табысты халықаралық ұйым - Тоқаев

САМАРҚАД. ҚазАқпарат - Біз ШЫҰ-ны жаһандық экономикалық платформаға айналдыруымыз керек. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің Ұйым адами, ресурстық және технологиялық әлеуеті бар әлемнің қарқынды дамып келе жатқан экономикасын біріктіреді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен бірін құрайды, яғни 23 триллион доллардан асады.

Бізде энергетикалық ресурстардың, көмірдің, сирек металдардың және жаңартылатын энергия көздерінің ең бай қоры бар.

Мен жоғарыда айтқандай, біздің ұйымның идеялық және институционалдық негіздерінде кереғарлық пен блоктарға бөлінушілік жоқ. Бұл ШЫҰ-ның халықаралық беделі мен танымалдығының артуына ықпал етті. Соның арқасында ұйым ең табысты бірлестікке айналды. Сондықтан ШЫҰ үдерісіне қатысатын елдердің географиясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бұл – Ұйымның жоғары сұранысқа ие екенінің айқын дәлелі. Менің пікірімше, ШЫҰ қазір әлемдегі ең табысты халықаралық ұйым.

Біз тауарлардың, капиталдың, көрсетілетін қызметтер мен технологиялардың еркін айналымына кезең-кезеңмен көшу үшін ШЫҰ-дағы экономикалық ынтымақтастықты түрлі формада дамытуды қолдаймыз», - деді ҚР Президенті.

Айта кетсек, кеше кешке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Саммитіне қатысу үшін жұмыс сапарымен Самарқанд қаласына келді.

Мемлекет басшысы Өзбекстанға сапары барысында Самарқандтағы «Мәңгілік қала» кешеніне барып, көрмелер мен шығыс базарын тамашалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Саммитіне қатысу үшін «Конгресс орталығына» келді.