ШЫҰ саммиті «Үлкен еуразиялық сегіздік» ретінде өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің «Үлкен еуразиялық сегіздік» форматындағы бірінші саммитіне жан-жақты дайындық жүргізіп жатыр. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан  Шанхай ынтымақтастық ұйымы форумының ХІІІ отырысында ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Айзада Субақожаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің «Үлкен еуразиялық сегіздік» форматындағы бірінші саммитіне жан-жақты дайындық жүргізіп жатыр. Өздеріңіз де білетіндей әрбір саммитте ұйымның даму тарихының жаңа тараулары жазылып, нақты шынайы уақытқа сай келетін жаңа міндеттер қойылады.  Алдағы уақытта саммиттке ШЫҰ елдерінің көшбасшылары жаңа форматта ұйымды одан ары дамытудың бірінші кезекті міндеттерін, сонымен қатар өзекті халықаралық және өңірлік проблемаларды қарастырады деп күтілуде», - деді ол.

Айзада Субақожаеваның айтуынша, маусым айында Қытайдың Циндао қаласында өтетін саммит өңір мен әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау, сонымен бірге ұйым аясындағы көпбейінді өзара іс-қимылды тереңдетуге айрықша үлес қосатын болады. Форум нәтижесінде нақты ұсыныстар мен ұсынымдар дайындалады. 

Форум жұмысына Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Беларусь және Орталық Азия мемлекеттерінен келген делегаттар қатысуда.

Айта кетерлігі,  осы жылдың маусым айында Қытайдың Циндао қаласында өтетін ШЫҰ саммитіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде.