ШЫҰ саммитінде 2013-2015 жылдарға арналған экстремизм, сепаратизм және лаңкестікпен күресте ынтымақтастық бағдарламасы бекітіледі

БЕЙЖІҢ. 7 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүше-мемлекеттері басшылары кеңесінің 12-ші отырысына қатысуды жалғастырады.

Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ саммитіне қатысу үшін 5 маусымда ресми сапармен Бейжіңге келді.

 Сәрсенбі күні, 6 маусымда Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесіп, бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды. Сол күні ҚР Президенті ҚХР Төрағасының орынбасары Си Цзиньпинмен, ҚХР Мемлекеттің кеңесінің Премьері Вэнь Цзябао мырзамен кездесті. Н. Назарбаев ШЫҰ саммитінің ашылуына қатысты.

ШЫҰ - өңірлік халықаралық ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан және Өзбекстан елдері басшыларымен құрылған.

Саммитте аймақтағы және әлемдегі қазіргі жағдайда  ШЫҰ дамуының перспективасы, ұйымның кеңістігінде қаржы-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланады деп күтілуде.

ШЫҰ саммитінің қорытындысы бойынша ШЫҰ мүше-мемлекеттері басшылары өңірде бейбітшілік пен бірлесе дамуды орнықтыру жөніндегі Декларацияға қол қояды деп күтілуде. Бүгінгі күні өтетін кеңестің барысында ШЫҰ мүше-мемлекеттері басшылары 2013-2015 жылдарға арналған экстремизм, сепаратизм және лаңкестікпен күресте ШЫҰ мүше-мемлекеттерінің ынтымақтастық бағдарламасы және қысқа мерзімді болашақтың перспективасына ШЫҰ стратегиялық дамуының негізгі бағыттарын бекітулері тиіс.

Сонымен қатар ШЫҰ мүше-мемлекеттері көшбасшыларына өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікке, бейбітшілікке қауіп-қатер төндіретін жағдайларға байланысты ШЫҰ тарапынан қабылданатын  тетіктер мен саяси-дипломатиялық шаралар жөнінде Қосымшаны бекіту үшін жаңа редакция ұсынылатын болады.

Мемлекет басшылары Ауғанстанға ШЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесін беру және Түркияға ШЫҰ диалогы бойынша әріптес мәртебесін беру жөнінде шешім қабылдайды деп күтілуде. Саммитте ШЫҰ бас директорын және ШЫҰ құрылымының лаңкестікке қарсы өңірлік комитетінің атқарушы директоры тағайындалмақ.

 Саммиттің қорытындысы бойынша ШЫҰ төрағалығы Қытайдан Қырғызстанға беріледі.