ШЫҰ сегіздік форматындағы бірінші жұмысын бастады
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің төрағалығымен өтіп жатқан шағын құрамдағы отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди қатысуда.
«ШЫҰ-ның 18 саммитіне қош келдіңіздер. Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн мен Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модиге айрықша қошемет көрсеткім келіп отыр. Олар ШЫҰ отырысына ұйымға мүше мемлекеттің басшысы ретінде алғаш рет қатысуда. Сондай-ақ, Қырғызстан Президенті Жээнбеков мырзаны да Мемлекет басшылары кеңесіне алғаш рет қатысуымен құттықтаймын. Біздің отырысымыз ШЫҰ кеңейтілгеннен кейін мұндай форматта алғаш рет өткізілуде. Барлық 8 мемлекеттің басшылары қатысуда. Саммиттің тарихи мәні бар. Ұйым мүшелері санының артуының арқасында біз қуатты, мықты бола түстік», - деді шағын құрамдағы отырысты ашқан ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин.
Қазіргі уақытта отырыс жабық есік жағдайында жалғасып жатыр.
Осыдан кейін Мемлекет басшыларының кеңейтілген құрамдағы отырысы өтеді. Оған ШЫҰ-ға мүше 8 елдің Президентінен бөлек, ШЫҰ-да байқаушы мәртебесі бар Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президенті Хасан Роухани және Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттула және бірқатар халықаралық ұйымның басшылары қатысады деп күтілуде.
Кеңейтілген құрамдағы отырыстан кейін саммиттің басты құжаты Циндао декларациясы қабылданып, 20-дан астам құжатқан қол қойылмақ. Оның 17-сін Мемлекет басшылары рәсімдейді.
Есте болса, өткен жылы Астанада өткен саммит барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Үндістан мен Пәкістанды ШЫҰ-ға қабылдау үдерісін аяқтау және мүше мәртебесін беру туралы тарихи келісімге қол қойған болатын. Содан кейінгі Циндао саммиті сегіздік форматта алғаш рет өтіп жатыр.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің халқы барша адамзаттың жартысына жуығын құрайды, ал олардың аумағы Арктикадан Үнді мұхитына дейінгі, Солтүстіктен Оңтүстікке, Ляньюньганнан Калининградқа және Шығыстан Батысқа дейінгі 40 миллион шаршы метрді немесе Жер шары жалпы аумағының 26,6 пайызын қамтиды.