Си Цзиньпин 2026 жылы АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барады

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин 2026 жылы АҚШ-қа мемлекеттік сапармен келетінін растады. Бұл туралы ол қытайлық көшбасшымен телефон арқылы сөйлескеннен кейін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Трамптың айтуынша, әңгіме «өте жақсы өтті» және кең ауқымды мәселелерді қамтыды.

— Біз Украина/Ресей, фентанил, соя және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар, біраз тақырыпты талқыладық. Біз ұлы фермерлеріміз үшін жақсы әрі өте маңызды келісімге қол жеткіздік — және жағдай одан әрі жақсара түседі, — деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамп екі ел арасындағы қарым-қатынастың оң бағытта дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол бұл әңгіме «үш апта бұрын Оңтүстік Кореяда өткен өте табысты кездесудің жалғасы» болғанын еске салды.

Америкалық көшбасшы сол уақыттан бері «екі тарап та келісімдердің өзектілігі мен дәлдігін сақтауда елеулі прогреске қол жеткізгенін» атап өтті.

— Президент Си мені сәуір айында Бейжіңге келуге шақырды, мен бұл шақыруды қабылдадым. Ал мен өз кезегімде оны кейінірек АҚШ-қа мемлекеттік сапармен келуге шақырдым. Біз үнемі байланыста болудың маңызды екенін құптадық және мен мұны асыға күтемін, — деп жазды Трамп.

Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп Си әлеуметтік желіде Цзиньпинмен кездесуі тұрақтылыққа әкелетінін айтты.