Си Цзиньпин АҚШ-пен сауда соғысы аясында Вьетнам, Малайзия және Камбоджаға барады
АСТАНА.KAZINFORM — ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 14-18 сәуір аралығында Вьетнам, Малайзия және Камбоджаға мемлекеттік сапармен барады. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Вьетнам Коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Лам мен Вьетнам президенті Лыонг Кыонгтың шақыруымен Қытай төрағасы Си Цзиньпин 14-15 сәуір аралығында Вьетнамға мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлады жұма күні Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Ол сондай-ақ Малайзияның Жоғарғы билеушісі Ибрагим Сұлтан Искандар мен Камбоджа королі Нородом Сихамонидің шақыруымен 15-18 сәуір аралығында Малайзия мен Камбоджаға мемлекеттік сапармен барады.
Вьетнам, Малайзия және Камбоджа Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының (АСЕАН) мүшесі. Қытайдың АСЕАН елдерімен сауда айналымы 2024 жылы 982,33 миллиард долларды құрады.
1967 жылы құрылған АСЕАН құрамына Бруней, Камбоджа, Индонезия, Лаос, Малайзия, Мьянма, Филиппин, Сингапур, Таиланд және Вьетнам кіреді.
Бұған дейін Қытай төрағасы Си Цзиньпин сауда соғысында жеңімпаз жоқ екенін айтқан болатын. Бейжіңде Испания премьер-министрі Педро Санчеспен кездесуінде Си Цзиньпин Қытай мен ЕО біржақты қорқытуға бірлесіп қарсы тұруы керек екенін атап өтті. Белгілі болғандай, Қытай 12 сәуірден бастап АҚШ-тан келетін тауарларға баж салығын 125 пайызға дейін көтереді.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға салынатын баж салығын алдымен 125 пайызға, кейін 145 пайызға дейін көтерген болатын.
АҚШ пен Қытай арасындағы тариф соғысы Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы бұған дейін жазғанбыз.