«Манас» халықаралық әуежайында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Қытайдың бірінші ханымы Пэн Лиюаньді Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров пен бірінші ханым Айгүл Жапарова күтіп алды.
Қырғызстан президенті әкімшілігінің мәліметінше, Садыр Жапаров пен Си Цзиньпин бейресми кездесу өткізді.
Бейресми кешкі ас барысында екі елдің көшбасшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ алдағы ресми іс-шаралардың негізгі тақырыптарын талқылады.
Сондай-ақ Қытай Халық Республикасының төрағасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына және «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесуге қатысады.
Еске салайық, бұған дейін Бішкек ШЫҰ саммитін өткізуге қызу дайындалып жатқанын жазғанбыз.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық және оларды өткізу кезеңінде елде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.
ШЫҰ саммиті өтетін уақытта Бішкек тұрғындарына қаладан уақытша кету туралы өтініш айтылды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және саммит пен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайту мақсатында 31 тамыз бен 1 қыркүйекте Бішкектегі ірі сауда орталықтары, базарлар және ресми делегациялар жүретін бағыттардағы бірқатар жерасты өткелі жабылады.
Бішкек әуежайында ШЫҰ саммитіне байланысты рейстер шектеледі.
Бішкекте өтетін ШЫҰ саммиті мен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қоғамдық тәртіпті 15 мыңнан астам тәртіп сақшысы қамтамасыз етеді.