Си Цзиньпин Таяу Шығыста қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM - Қытай көшбасшысы Таяу Шығыста қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру бастамасын көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Фото: Синьхуа
Сәрсенбі күні Каирде Мысыр Президенті Абдель Фаттах әс-Сисимен келіссөздер барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин өңірде қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын қалыптастыруға қатысты төрт тармақтан тұратын ұсынысын таныстырды, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Си Цзиньпин Таяу Шығыс елдері өз болашағын өздері айқындауы, бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері бойынша диалогты нығайтуы және сыртқы араласуға қарсы тұруы қажет екенін айтты.
Қытай көшбасшысы өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзара байланысты көптеген шиеленіс ошақтарын ескере отырып, кешенді тәсіл қолдануға шақырды. Оның айтуынша, Палестина мәселесі Таяу Шығыстағы проблемалардың өзегінде тұр және оны екінші орынға ысыруға болмайды.
Си Цзиньпин бастамасының тағы бір бағыты ретінде экономиканы ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізі ретінде дамытуды атады. Қытай сондай-ақ Таяу Шығыс елдерімен халықаралық теңіз жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар ҚХР төрағасы БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық негізінде өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық үйлестіруді күшейтуге және Таяу Шығыс елдеріне қатысты қосарлы стандарттардан бас тартуға шақырды.
Абдель Фаттах әс-Сиси бұл бастаманы қолдап, Мысырдың шиеленісті бәсеңдету және өңірлік қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру мүмкіндіктерін зерделеу үшін Қытаймен үйлестіруді жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Сапар барысында тараптар қауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде де уағдаласты.
Сапар аясында Қытай мен Мысыр цифрлық экономика, ғылым және технология, білім беру, көлік және басқа да бағыттарды қамтитын 20-дан астам құжатқа қол қойды.
Қазақстан мен Қытай дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын атап өтуге дайындалып жатыр.