Си Цзиньпин Вьетнам, Малайзия және Камбоджаға мемлекеттік сапармен барады
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Оңтүстік-Шығыс Азияның үш еліне мемлекеттік сапармен барады. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігі 11 сәуір күні мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламның және Вьетнам Социалистік Республикасының Төрағасы Чыонг Тан Шангтың шақыруымен 14-15 сәуір аралығында Вьетнамға мемлекеттік сапары болады.
Сонымен қатар Малайзия Жоғарғы билеушісі Ибраһим Исмаил және Камбоджа Королі Нородом Сиамонинің шақыруымен, Си Цзиньпин 15-18 сәуір күндері Малайзия мен Камбоджаға да мемлекеттік сапармен барады.
Айта кетейік, бұл Қытай басшысының 2025 жылғы алғашқы шетелдік сапары болмақ. Соңғы рет Си Цзиньпин 2023 жылғы желтоқсан айында Вьетнамға мемлекеттік сапармен барған еді.
Сапар аясында Қытай мен аталған елдер арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту, аймақтық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдету мәселелері қаралады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Әзербайжан Қытаймен қорғаныс саласы бойынша диалогты бастады.