Си Цзиньпиннің АҚШ-қа қашан баратыны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 24 қыркүйекте Америка Құрама Штаттарына барады, деп хабарлайды ТАСС агенттігі .

Фото: Синьхуа

Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтондағы іс-шаралардың бірінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Оның айтуынша, Қытай басшысының сапары 24 қыркүйекте басталады.

Алдағы сапар екі ел көшбасшыларының мамыр айында Қытайда өткен кездесуіне жауап ретінде ұйымдастырылып отыр. Еске салсақ, Дональд Трамп 14–15 мамыр күндері Бейжіңге барып, ҚХР Төрағасымен келіссөз жүргізген.

Маусым айының басында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мамырдағы сапар айтарлықтай практикалық нәтижелерге жеткізбегенін айтты. Сонымен қатар ол келіссөздердің басты мақсаты әлемдегі ең ірі екі державаның басшыларының тікелей пікір алмасуы болғанын атап өтті.

Күтіліп отырған қыркүйектегі кездесу АҚШ пен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша диалогтың жалғасы болмақ.

Айта кетейік, биыл Си Цзиньпин 7 жылдан кейін алғаш рет мемлекеттік сапарымен КХДР-ға барғанын жаздық.