Сиам егіздері отадан бас тартып, өмір бойы бірге жүруге бел байлады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанда Шиванатха пен Шиврама Саху есімді сиам егіздеріне ота жасау ұсынылды. Алайда 12 жастағы ұлдар отадан бас тартып, өмір бойы бірге жүретіндерін айтып отыр, деп жазады Huffington Post.

Егіздердің екі аяғы мен төрт қолы бар. Олардың кейбір ағзалары ортақ, ал кейбірі жеке дара жұмыс істеп тұр. Балалардың қозғалысы шектелгенімен, олар күнделікті өмірге бейімделген. Атап айтқанда, егіздер бірге жуынып, бір-бірінің шашын тарап бере алады. Тек жүрістері өрмекшінің қозғалысына көп келеді, деп жазады басылым.

Сиам егіздерінің әкесі, 45 жастағы Радж Кумар күнделікті өмірде балалар көптеген қиындықтарға тап келетінін айтып отыр. Мәселен, жаңбыр жауғанда оларға жүру қиынға соғады.

«Құдай оларды осылай етіп жаратты. Сондықтан, олар қазіргідей кейіпте өмір сүрулері тиіс», - деген әкесі балаларына ота жасатқысы келмейтінін айтты.

Айта кетерлігі, сиам егіздерін ажырату өте күрделі жұмыс. Көп жағдайда ота сәтті аяқталып, балалар бір-бірінен бөлек өмір сүре алады. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Қырғызстанда Зита және Гита есімді егіздерге жасалған ота сәтті аяқталды. 11 жастағы қыздардың тәні ортақ болып, өздігінен жүре алмай, интернатта өмір сүрген болатын.