Сиань-Алматы достық велошеруі Қазақстан шекарасын кесіп өтті

ҚОРҒАС. ҚазАқпарат – 3 қыркүйек күні Сиань-Алматы достық велошеруі Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өтті. Бұған дейін Қытайдың Қорғас шекара бекетінде қала әкімдігі мен Халықаралық сауда палатасының ұйымдастыруымен велошабандоздармен салтанатты қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның шекара және кеден қызметтері достық пен бейбітшілік елшісі – қытайлық спортшыларды құшақ жая қарсы алып, олардың жүріп өтуіне жасыл дәліз ұйымдастырды. Қытай спортшыларымен кездескен журналистер, жұртшылық және велошеруді ұйымдастырушылар оларға гүл шоқтарын сыйлап, сұхбат алды. Велошеруге осы жерден 10 адамнан тұратын қазақстандық әуесқой велошабандоздар қосылды, олардың ең үлкені 77 жаста.