«Сібір жарасы мәселесі ерекше бақылауда тұр. Бүгінде аталған індетке қарсы ветеринарлық препараттардың республикалық қоры жеткілікті көлемде жинақталды. Сонымен қатар түйнеме ауруы бойынша мал қорымдарын қоршау мен оларға тиісті белгілерді орнату шаралары мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр»,-деді Қабдолданов баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан аумағында 2 608 мал қорымы бар, оның ішінде 2 248-інің орны белгілі. Қазіргі кезде анықталмаған мал қорымдары бойынша іздестіру шаралары жалғасуда.
Атап айтқанда, биылғы жаз айларында Қазақстанда сібір жарасы бойынша кейбір қауіпті пункттер қоршалмағаны және оларда арнайы ескерту белгілері де жоқ екендігі айтылған болатын. Осы ретте жергілікті әкімдіктерге мұндай қорымдарының жай-күйін тиісті деңгейде ұстап тұру бағытындағы жұмыстарды жүргізу тапсырылды.
Еске сала кетейік, өткен жылы маусым айының аяғына таман Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылында сібір жарасы пайда болып, ауылда карантин жарияланған болатын. Ауру жұқтырды деген күдікпен 11 адам ауруханаға жатқызылып, олардың екеуі қаза тапқан еді.
Сонымен қатар былтыр Павлодар облысы Ертіс ауданы, Ұзынсу ауылында сойылған сиырдың етінен сібір жарасының бациллалары табылды. Малды сою кезінде болған үш тұрғын 8 шілде күні сібір жарасы күдігімен жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Аталған диагноз 11 шілдеде расталды.