Сиыр етінің бағасы неге аспандап кетті – Ет одағының пайымы
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте өтіп жатқан дөңгелек үстелде «Қазақстан ет одағы» бірлестігінің басқарма төрағасы Мақсұт Бақтыбаев тірі мал экспортына қойылған тыйымдардың салдары елде етті қымбаттатып жіберді деген пікір айтты.
— 2010 жылы ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданып, субсидия мен кредит ретінде триллиондаған қаржы бөлінді. Сырттан асыл тұқымды мал әкелініп, бордақылау алаңдары салынды. Осының арқасында Өзбекстан мен Қытайдың, Иранның нарығын өзімізге аша алдық. 2019 жылы 240 мың ірі қара, 15 мың тонна сиыр етін экспорттаған едік. Дәл осы жылы мал экспортына тыйым енгізілді. Бұған сиыр етінің 2 есеге жуық қымбаттағатны себеп болды. Бірақ кейін ет бағасымен бірге малдың саны түсті. Өйткені 8 млн ірі қараға ішкі нарығымыз тым тар болды. Салдарынан демпинг басталды. Малдың тірі салмағын килограмына 1500-1600 теңгеден сатып ала бастады. Бұл өзіндік құнынан 20 пайыз төмен еді. 4-5 жыл бойы осылай болды. Осы аралықты фермерлер 2 млн басты пышаққа жықты. Өйткені өзіндік құнын ақтамайтын малды ұстаудың шығыны көп болды. Жұмысшыларға айлық, банктерге несие төлеу үшін малды тиімсіз бағамен сатуға мәжбүр болды, — деп еске алды одақ басшысы.
Кәсіпкердің сөзінше 2022-23 жылдардағы қуаңшылық та ет өндірушілерге ауыр тиген.
— Ол кезде шөп пен жем бағасы 2-3 есе артты. Олай болды деп фермерлерге көмектескен ешкім болмады. Мал тиімсіз болған соң шаруалар басқа салаларға ауысты. Ең аяғында қарапайым тұтынушы зардап шегіп отыр. Өйткені мал мен ет тапшылығы бар. Қазір бордақылау алаңдарында еттің көтерме бағасы 3 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал бұл бөлшек саудада 4 мың теңге болады деген сөз. Қазір Беларусьтен келісіне 2800 теңгеден ет импорттап жатырмыз. Осындай саясаттың «арқасында» біз «қызыл еттің экспортын 6 жылда 15 мың тоннадан 20 мың тоннаға арттырыппыз. 5 мың тонна ғана өсім бар. 5 мың тонна ет деген — 30 млн доллар. Ал жоғалтқанымыз — 240 млн доллар. Ал енді жағдайды қалпына келтіру үшін кемінде 4 жыл керек, — деді ол.
Ет өндірушілер қазіргі тыйым салу тәсілін өзгерту керек деген ұстанымда.
— Біз екі мәселені ұсынып отырмыз. Біріншіден, бір күннің ішінде қабылданып, енгізілетін тыйымдардың өзіне заңмен тыйым салуды ұсынамыз. Тыйым салынады екен, фермерлерге келетін шығынды өтеп берудің қатаң механизмі болу керек, — деді Ет одағының басшысы.
Сондай-ақ, Мақсұт Бақтыбаев тірі мал экспортына тыйым салар кезде көрші елдермен де ақылдасу керек дегенді айтты. Әйтпесе үйреншікті нарықтардан біржолата айырылу қаупі туындауы мүмкін көрінеді.
Өткен айда, Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев ел өңірлерінде сиыр етінің бағасы өскенін растаған еді.