Сильвио Берлускони Италия премьер-министрі лауазымы үшін қайта таласып көрмек

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Егер Италияда кезектен тыс парламенттік сайлау өтетін болса, Сильвио Берлускони премьер-министр лауазымы үшін кандидаттыққа қайта түсетін болады.

Бұл туралы саясаткер Бари қаласында өзінің жақтастарымен кездесуі барысында мәлім етті, деп жазады РБК.

«Біз жаңа сайлауларға дайынбыз, мен «Бостандық адамдары» партиясына басшылық етемін және премьер-министр лауазымына кандидат боламын», - деп келтіреді саясаткердің сөзін агенттік.

Еске салайық, Италияда жаңа парламент екі ай бойы үкіметті жасақтай алмауда. Партиялар көптеген келіспеушіліктерге байланысты бір мәмілеге келе алмауда. Аналитиктер жаңа сайлаулардың өткізілуін жоққа шығармайды.

Қоғамдық пікірді білу үшін өткізілген сауалнама С.Берлусконидің жақтастары артып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа парламенттік сайлаулар өтуі мүмкін дата ретінде 2013 жылдың маусымы аталуда.

Қазіргі уақытта С.Берлускони Рубигейт атауына ие болған дау-дамайға байланысты қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде өтуде. Саясаткерге Италия аумағында заңсыз болған Руби есімді кәмелетке толмаған мароккандық жезөкшенің қызметін заңсыз пайдаланды және оны 2012 жылдың басында полиция бөлімшесінен заңсыз шығарып алды деген айып тағылуда. Экс премьер-министр кінәлі деп танылған жағдайда, ол 15 жылға бас бостандығынан айырылады.

Бұған дейін С.Берлускони салықтық астыртын әрекеттер үшін істі болды. Саясаткер апелляцияға берді, ол бойынша шешім 20 сәуірде қабылданатын болады.