Silk Way Орталық Азияның ортақ телеарнасына айнала ала ма
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия елдерінің өңірдегі ақпараттық ынтымақтастығын нығайту үшін ортақ телеарна құру бастамасы көтерілді. Жалпы, бұл идеяны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың шілде айында Қырғыз елінің Шолпан-ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде ұсынғаны есте.
Сол уақытта Президент әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарымыз аймақ елдерінде болып жатқан оқиғалар туралы жаңалық тарату жағынан ақсап тұрғанын атап өткен-ді.
- Мүмкіндігінше, бұл үрдісті өзгерту керек. Бәлкім, бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайтын ашқан жөн болар. Осы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау үшін Орталық Азияның салалық мекемелері мен ақпараттық агенттіктері басшыларының жиынын тұрақты түрде өткізіп отыру пайдалы болмақ, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының дәл осы идеясы бүгін елордада Әзербайжан, Қазақстан, Қатар, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания және басқа да елдердің медиа саласының жетекшілері мен сарапшыларының басын қосқан II Орталық Азия медиафорумында қозғалды.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия көшбасшылары деңгейінде ақпараттық саладағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесі бірнеше рет талқыланғанын еске салып өтті.
- Былтыр Астанада өткен консультативті кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен медиаөнімдер жасау бастамасын көтерді. Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтық әлеуетті осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды және халықтарымыздың тарихи мән-ерекшелігі туралы танымдық телерадиобағдарламалар топтамасын дайындау идеясын қолдады. Бүгінгі кездесуімізде осы мәселеге мұқият тоқталып, Silk Way телеарнасының жұмысына бірлескен контент дайындау бойынша нақты шешімдерді қабылдадық, − деді министр форумның ашылу салтанатында.
Осылайша қазіргі уақытта Орталық Азия елдері өңірдегі ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформаны іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Министр Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру мәселесінде Президент телерадиокешені құрамына кіретін Silk Way телеарнасын тегін атап өткен жоқ. SilkWay - спутниктер арқылы таралатын Қазақстан Республикасындағы тұңғыш ұлттық телеарна. Арнаның контенті түгел отандық өнімнен тұрады. Телеарнада бірнеше тақырыптық бағыттағы телетуындылармен қатар, Қазақстанның мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі, туристік және инвестициялық мүмкіндіктері туралы бағдарламалар дайындалады. Сондай-ақ арна эфирінен Қазақстан мен Орталық Азияның өзекті жаңалықтары күн сайын ақпараттар топтамасымен беріледі.
Қазақстандағы тұңғыш спутниктік халықаралық телеарна 2002 жылы 25 қазанда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде хабар тарата бастады. 2018 жылдан бастап қырғыз және өзбек тілдері қосылды. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап телеарна ҚР Президентінің телерадиокешені құрылымына қосылды. Қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз, өзбек және түрік – 6 тілде хабар тарататын арна сигналы әлемнің 118 елінде 100% қолжетімді. Демек, Орталық Азия елдеріне ортақ телеарна құру үшін Silk Way дайын тұрған база деуге толық негіз бар.
II Орталық Азия медиафорумына келген меймандар негізінен Silk Way-дің Орталық Азия елдерінің ортақ телеарнасына айналуына қарсы емес. Олар өз ұсыныстарын да жеткізді. Айталық, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Марат Тағаев Қырғызстанда Орталық Азия елдерінің көптеген телеарнасы көрсетілетіндігін айтады.
- Оның ішінде Silk Way телеарнасы да бар. Осы телеарнаны жаңа деңгейге көтеріп, Орталық Азия өңірі елдерінің ортақ телеарнасына айналдыру ұсынысы айтылды. Біздің де ұсыныстарымыз бар. Бұл - қазіргі уақытта жұмыс тәртібінде талқыланып жатқан мәселе. Егер біз берген ұсыныстар қабыл болса, онда Қырғызстан осы ортақ телеарнаға қосылуға дайын. Мәселен, бүгін Қазақстан, Өзбекстан пікірлерін білдірді. Біз де өз ойымызды білдіреміз. Алдағы уақытта бұл мәселеге қатысты ортақ пікірге келеміз деп ойлаймын. Атауына келер болсақ, Silk Way деп қалдыру туралы ұсыныс айтылды. Бұл - Орталық Азия мемлекеттері үшін жақсы атау. Себебі өңірдегі үлкен өркениеттер осы Жібек жолының бойында дамыған. Жалпы, Қазақстан бұл медиафорумды екінші рет өте жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Сондықтан Қазақстандағы әріптестерге зор ризашылығымызды білдіреміз. Технологиялар тез өзгеріп жатқан бүгінгі заманда журналистикада, медиа саласында үлкен жаңалықтар болып жатқаны сөзсіз, - деді Марат Тағаев.
Өзбекстан Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаев Орталық Азия елдері бір-бірінен оқшауланбайтынын, тарихы мен мәдениеті ортақ екенін баса айтады.
- Бүгінде саяси салада болып жатқан процестердің барлық саланың дамуына әсерін тигізері сөзсіз. Олар: ғылым, мәдениет, туризм және тағы басқалары. Қазірдің өзінде ықпалдастық жайында айтқанда барлығының мүддесін білдіретін және соған қызмет ететін контент жасауға мән берген жөн. Ең алдымен, әлемдік қоғамдастыққа қандай идеялар мен ойларымызды жеткізгіміз, бізді не біріктіретінін айтқымыз, жалпы ортаазиялық өңірді танытқымыз келгенде құрылатын телеарна, Silk Way платформасы арқылы да әлемге көрсетуіміз қажет. Әрине, осының аясында әрбір ел бір-бірін өзара толықтыра отырып, контент санын арттыруға белсенді қатысуы тиіс. Бұл орайда ойын-сауық, білім беру, мәдени, гастрономиялық және туристік контенттер ұсынуымыз керек. Аталған контенттерді білім, тәлім-тәрбие беру сынды маңызды қызметті атқаратындай жасауға тиіспіз, - дейді Асаджон Ходжаев.
Осы орайда, АҚШ-тағы CNN International Commercial директоры Иэн Макдональд да пікір білдірді.
- Менің ойымша, халықаралық қарым-қатынастарды нығайту үшін аймақтық немесе тұтас өңірлік телеарнаның хабар таратуы - өте жақсы идея. Бұл — көпшілікке жаппай ақпарат таратуға арналған үлкен платформа.
Меніңше, арнаның жұмысына жіті мән беріліп, әрбір шығарылатын контенттің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мұқият және жүйелі ұйымдастырылуы қажет.
Мен негізінен коммерциялық салада жұмыс істеймін. Біз әртүрлі елдермен және үкіметтермен бірлесе отырып, жарнамалық науқандар мен брендтелген контент жобаларын әзірлейміз. Бұл, әсіресе, ұлттық бренд қалыптастыру, стратегиялық даму және инвестициялық бағыттар бойынша жүзеге асады. Меніңше, бұл — өңірді шетелдік инвестициялар мен туристерге тартымды ету үшін оның тарихы мен идеяларын, болмысын жеткізудің тамаша тәсілі, - деді ол.
Орталық Азия өңірінің ортақ телеарнасын құру туралы басқа да медиа алаңдарда айтылып келеді. Мәселен, былтыр Түркітілдес журналистер қорының 10 жылдығына орай өткен медиафорумда Түркияның Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мүддерісоғлы да Орталық Азияда ортақ телеарна құру бастамасын қолдайтындығын білдірген болатын.
- Бүгінде түркітілдес халықтардың журналистика саласындағы өзара ықпалдастығы жоғары деңгейге көтеріліп келеді. Қазақстан Президентінің бастамасымен Түркі дүниесіне тиесілі мұраны насихаттайтын ортақ телевизия құру жоспарланған. Бұл – маңызы зор бастама деп ойлаймын, - деген еді.
Айта кетерлігі, құрамына Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіретін ҚР Президентінің телерадиокешені Қазақстанның ең ірі медиа компанияларының бірі саналады. Әлемнің 36 жетекші бұқаралық ақпарат құралдарымен серіктестік орнатқан. Олардың бірі – 1996 жылы Қатар әмірінің жарлығымен құрылған Al Jazeera Media Network халықаралық телекомпаниясы.
Екі компанияның серіктестігі аясында өткен жылы «Al Jazeera Week» оқыту бағдарламасы іске асырылып, Maqsut Narikbayev University-де журналистика мамандығында оқып жүрген жүздеген студент 150 сағаттан астам уақыт жаңалықтар жазу, дата журналистика, мобильді журналистика, цифрлық сторителлинг және жаңалық жүргізу сияқты тақырыптарда білім алды. Бұл бастама биыл да жалғасын таппақ. Оны елордада өтіп жатқан II Орталық Азия медиафорумында Al Jazeera медиа институтының директоры Иман Әл Амри айтты.
− Бұл серіктестік 2025 жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін «Al Jazeera Week»-тің екінші кезеңімен жалғасады. Бағдарлама аясында жаңа тренингтер, мастер-класстар және Al Jazeera сарапшыларының семинарлары өтеді. Бұл – Қазақстандағы болашақ медиа мамандарына қолдау көрсетуге бағытталған маңызды қадам. Аталған бастама Al Jazeera мен ҚР Президенті телерадиокешені арасындағы серіктестіктің тереңдей түскенін көрсетеді және екі елдің медиа мамандарына бірлесіп жұмыс істеуге, жаңа дағдыларды игеруге және мазмұнды мәдени алмасуға ауқымды мүмкіндік береді,− деді мәртебелі мейман.
Тақырыпқа тұздық болған мәселеге келер болсақ, Орталық Азия елдері ортақ телеарна бағдарламасының мазмұнына, контентіне қатысты барлық мән-жайды егжей-тегжейлі пысықтап, бір ымыраға келген жағдайда Silk Way бұл міндетті толыққанды атқаруға қазірдің өзінде дайын. Ол үшін өңірдің барлық мемлекеті бауырластықтың шынайы үлгісін көрсетіп бірауыздан келісімге келуі қажет. Ол алдағы күннің еншісіндегі жайт.