Silk Way Star қатысушыларына арналған лайфхак – Қырғыз әншісінің тәжірибесі

Фото: Гүлжігіт Қалықовтың instagram парақшасынан

АСТАНА. KAZINFORM – Silk Way Star байқауында қатысушылардың әншілік қабілетімен қатар, харизмасы, киімі, өзін-өзі ұстауы, тіпті дене бітімі де сынға түседі. Бұл туралы Қырғыз елінен келген әділқазылар алқасының мүшесі Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

– Silk Way Star байқауы, қателеспесем, 2018 жылы алғаш рет басталған еді. Сол кезде біздің еліміздің атынан Омар Жанышов атты мықты вокалистіміз келіп, бас жүлдені жеңіп кеткен еді. Сол кезде біздің халық әртісіміз Гүлнұр Сатылғанова қазылар алқасының арасында отырған. Ал осы жолы әділқазылар алқасына мені мүше қылып шақырғанына өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Өйткені әншілерге жай тыңдарман ретінде қарау бір басқа, ал олардың орындауына, харизмасына, сахнада өзін-өзі ұстауына баға беру – үлкен жауапкершілік, – дейді Гүлжігіт Қалықов.

Қазылар алқасының мүшесі қатысушыларды қандай критерийлер бойынша бағалайтынына тоқталды.

– Байқауда әншілік те, харизма да, сахнада өзін-өзі ұстауы да, киген киімі де, қажет болса, дене бітімі де өте маңызды. Ең әуелі бұл – вокалдық сынақ. Байқау қатысушысы жақсы ән айта алуы керек. Дұрыс ән таңдау да үлкен жауапкершілік. Адамға қарағанда, оның көзінен жан дүниесін, жүзінен сұлулығын көресің. Шығармашылық адам үшін сұлу болу да аса маңызды. Мен белгілі бір елді сынаудан аулақпын. Бірақ сахнадағы әртістердің өзін-өзі көрсетуіне, өнеріне, халықпен, қазылар алқасымен қарым-қатынасына қарай баға беруге тәжірибем жетеді деп ойлаймын, – дейді Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі.

Көптеген байқаулардың жеңімпазы өзінің лайфхактарымен бөлісті.

– Қатысушыларға сәттілік тілегім келеді. Себебі көптеген конкурстарға қатысқандықтан, мұның қандай сезім екенін мен жақсы білемін. Кішкентай кезімде бір халық әртісі сахна сыртында қобалжып тұрғанымды көріп: «Гүлжігіт, сен қайда ән айтқанды ұнатасың?» – деп сұрады. Мен: «Моншада әнді еркін айта аламын», – дедім. Сонда ол маған: «Сахнаға шық та, көзіңді жұмып, өзіңді моншада тұрғандай елестет, өзіңді еркін ұста», – деді. Қатысушыларға осы лайфхакты пайдаланыңдар деп айтқым келеді. Ең бастысы – қатысу, үлкен тәжірибе, достық. Бұл байқауға өз елдерінің намысын қорғап келудің өзі – жеңіс, – дейді студия қонағы.

Гүлжігіт Қалықов Қырғыз Республикасының атынан қатысып жатқан өнерпаз туралы да пікір білдірді.

– Тамға – өте талантты. Өзінің көзқарасы бар. Әртүрлі стильде ән айтуды білетін, көп жерде бейімделе алатын қыз. Соңғы уақытта өз еліміздегі үлкен сахналарға шығып, өнерін әр тараптан көрсетіп жатыр. Тамғаның Қырғызстанда өз орны бар. Сондықтан осы конкурста да өнерін, талантын, қырғыз елінің батырлық рухын көрсету керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі мұндай абыройлы атаққа қалай қол жеткізгенін айтып берді.

– Бала кезімнен ән айтып, сахнаға шыға бастадым. Түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атандым. Соңғы қатысқан байқауларымның бірі – түркі елдері арасында өткен «Еуразия жұлдызы» атты жоба еді. Онда бас жүлдені жеңіп алдым. Содан кейін біздің сол кездегі Президентіміздің бұйрығымен маған «Еңбек сіңірген әртіс» деген атақ берілді. Бұлай болады деп тіпті күтпеген де едім. Өйткені әлі жаспын, әлі талай қызмет қылуым керек. Бірақ бұл мен үшін керемет тосынсый әрі жауапкершілік болды, – дейді әнші.

Қазылар алқасының мүшесі өзін еңбек сіңірген әртіс қылған «Еуразия жұлдызы» байқауының ерекшеліктеріне тоқталды.

– Көптеген халықаралық байқауларға қатысқанмын. Олардың ең ұзаққа созылғаны – «Еуразия жұлдызы» конкурсы. Жоба 2 ай болды. Қатысушылардың бәрі жиналып, әрбір елде саяхаттап шыққан едік. Қазақстанға да, Түрікменстанға да, Әзербайжанға да, Кипрға да бардық. Сол елдердің мәдениетін өз көзіммен көріп, сезіндім. Бұл байқаудың ерекшелігі – жанды оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Сол жерде әр адамның өзіндік тембріне сай дауыстарды реттеп, барлық ұсақ мәселелерді үйлестіріп шықтық. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Солай түрікше сөйлеуді де үйрендік, – дейді Гүлжігіт Қалықов.

Талантты әнші Silk Way Star жобасы туралы да ойын жеткізді.

– Silk Way Star – шығармашылық үшін үлкен тәжірибе. Қатысушылар үшін серпін беретін жоба. Олар өздерінің жүрегіндегі, ойындағы стилі мен әуенін, жан дүниесін қазіргіден де байытып, өз еліне шығармашылық сыйлай беруі керек. Одан бөлек, өздеріңіз көріп отырғандай, мен Қырғызстаннан келіп, Қазақстанның құтты студиясында отырмын. Бұл – достықты нығайтады. Қатысушыларды Қазақстанның көрікті жерлеріне апарып, көрсетіп жатырсыздар. Енді әр елден келген әншілер де өз үйлеріне барып, Қазақстанның қандай жер екенін әңгімелейді. Бұл байқаудың қатысушыларға берері көп, – деп түйіндеді қазылар алқасының мүшесі.

Еске сала кетейік, бұған дейін тағы бір әділқазы мүшесі, Түрікменстан опера әншісі Атажан Бердиев те «JibekJolу» арнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында Астанадан алған әсерімен бөліскен еді.