Чжан Хэ Сюань финалда Silk Way Star жобасының қытайлық төрешісі Хун Бинның «Уақыт өзені» әнін таңдап, табысты өнер көрсетті.
Қытайлық әнші төрешілер бағасын алғаннан кейін тікелей эфирде жүрекжарды лебізін білдірді.
- Осындай ірі халқаралық жобаға қатыспағаныма көп болды. Silk Way Star жобасына алғысым шексіз. Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім. Мәдениет пен музыканың сиқыры маған қазақстандық достардың ықыласын сезінуге мүмкіндік берді, - деді ол.
Чжан Хэ Сюань жобаға қатысушы елдер арасындағы достықтың мәңгілікке жалғасуын тіледі.
- Түсірілім барысында бағдарлама тобының кәсібилігі мен жанашырлығын да байқадым. Әрбір қатысушының еңбегіне алғысымды білдіремін, сондай-ақ көрермендердің қолдауы мен жігерлендіргені үшін ризамын. Меніңше, музыка — бұл көпір және музыка арқылы 12 ел арасындағы достық мәңгілікке сақталсын деп үміттенемін. Қытай баршаңызды қарсы алады,- деді ол.
Еске салайық, Silk Way Star финалына жеті орындаушы өтті: ALEM, Язмин Азиз, Автандил Абесламидзе, Мишель Джозеф, Чжан Хэ Сюань, Саро Геворгян және Мадинабону Әділова.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Чжан Хэ Сюань Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында қонақта болған еді.