Silk Way Star жобасының финалы Қытай орталық телеарнасында көрсетілді

Фото: CCTV-15

АСТАНА.KAZINFORM — Silk Way Star халықаралық вокалдық байқауының гранд-финалы 30 қаңтар күні Қытай орталық телевизиясының CCTV-15 музыка телеарнасында көрсетілді. 

CCTV-15 телеарнасы Астанада өткен Silk Way Star гранд-финалын көрсетіп, қытайлық көрермендер ақтық сында сахнаға шыққан әншілердің өнерін тамашалады.

Фото: CCTV-15

Silk Way Star — Азиядағы алғашқы халықаралық вокалдық байқау. Бұл жобаға Қазақстан, Моңғолия, Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан келген өнерпаздар қатысты.

Фото: CCTV-15

Шоу Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиа корпорациясы арасындағы Silk Way Star халықаралық жобасын құру туралы келісім аясында жүзеге асырылды. Байқаудың барлық 10 шығарылымы Jibek Joly және Silk Way телеарналарынан көрсетілді. Үлкен финал тікелей эфирде өтіп, Әзербайжан, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолияны қоса алғанда, әлемнің көптеген еліндегі көрермендерді қамтыды. Жобаның жалпы көрермендер саны 1 миллиард адамнан асты.

Фото: CCTV-15

CCTV-15 музыкалық арнасы — Қытайдағы ең алғашқы құрылған, ең кең таралған және ең ықпалды ұлттық деңгейдегі музыкалық телеарна.

Фото: CCTV-15

China Media Group компаниясының жалғыз ұлттық деңгейдегі кәсіби музыкалық арнасы ретінде, ол талғампаздық пен танымалдықты үйлестіретін жоғары сапалы музыкалық мазмұнымен қытайлық аудиторияның терең сүйіспеншілігіне ие. Классикалық және танымал музыкаға бағытталған бұл арна ел ішінде 1.1 млрд аудиторияны қамтып, айтарлықтай әлеуметтік ықпалға ие.

Фото: CCTV-15

Телеарна 2004 жылдың 29 наурызында ресми жұмысын бастап, 2008 жылы 24 сағат күнделікті жұмыс режиміне көшті. 2018 жылы 1 қыркүйек сағат 00:00–де CCTV-15 HD бүкіл ел бойынша ChinaSat 6A спутнигі және ұлттық магистральдық талшықты-оптикалық кабель арқылы хабар таратуды бастады.