Silk Way Star жобасының өзбекстандық қатысушысы: Қазақша әріптерді үйрену қиын болды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Silk Way Star – Азия елдерінің алғашқы ірі вокалдық байқауының түсірілімі жалғасып жатыр. Байқауға 12 елдің таланттары қатысады. Азия елдері арасындағы мәдени көпірге айналған бұл жобада әр қатысушы өз елінің музыкалық дәстүрін, тілін, мәдениетін көрсетеді. Бүгін байқауға қатысуға Өзбекстаннан келген әнші Мадинабану Әділова«Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат беріп, жобаның қыр-сыры туралы әңгімелеп берді.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Жобаның мұндай ауқымды боларын күтпедім. Әдетте «Жібек жолы» дегенде, көз алдыма Корея, Қытай және біздің ТМД елдері келетін. Бұл байқауда Малайзия мен Моңғолияның да өнерпаздары бар. Ән таңдағанда өз жайлылығыма мән бердім, себебі сахнада билер мен қойылымдар болуы мүмкін. Тіпті осы байқауда алғаш рет бишілермен билеуге тура келді. Сосын әрине, репертуардың жан-жақтылығына да қараймын. Яғни, үнемі бір стильде ән шырқасаң, көрермен жалығып кетуі мүмкін. Егер бірінші турда баяу ән болса, келесіде ырғақты ән таңдап, өзіңді әртүрлі қырдан көрсетуің керек, – дейді М. Әділова. 

Өзбекстандық әнші қазақ тілінің акцентін меңгеру қиынға соққанын айтуда. 

– Жалпы өзбек тілі жұмсақтау естіледі, ал қазақ тілі – сәл қатқыл және өткір естіледі. Сондықтан қазақша әріптерді айтуға көп күш салуға тура келеді. Бір турда біз қазақ әндерін өзіміздің ана тілімізге аударып айтуымыз керек болды. Мен Айқын Төлепбергеннің жуырда шыққан «Сүйгенім» әнін таңдадым. Тағы бір кезеңде – қазақтың халық әндерін айтуымыз керек. Онда «Қамажай» әнін таңдадым, – дейді өнерпаз. 

Сонымен бірге, М. Әділова қатысушылар арасындағы атмосфера туралы да айтып берді. 

– Әрине, бәсекелестік сезіледі, бәріміз мұнда не үшін келгенімізді түсінеміз. Бұл халықаралық жоба, бәріміз финалға өткіміз келеді. Бірақ адамгершілік пен достықты ұмытпаймыз. Мен көбінесе Сабина және Давранмен (қатысушылар – ред.) жақсы сөйлесемін. Барлық қатысушылармен достық қарым-қатынастамыз, кешке жиналып ән айтамыз, байқауды талқылаймыз, – дейді әнші. 

Айта кетейік, Silk Way Star шоуы 20 қыркүйектен бастап Silk Way, Jibek Joly, Қытайдың CCTV-3 арнасында және қатысушы елдердің ұлттық арналарында көрсетіледі.

ҚР Президентінің Телерадио Кешені Президенті мен CMG медиакорпорациясы ұйымдастырып отырған байқауға 12 ел, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея өкілдері қатысады.

«Silk Way Star» байқауы бірқатар Азия елінде телеарнадан көрсетіледі. 

Онда Қазақстан атынан әнші Alem өнер көрсетеді.