Silk Way Star жобасының редакторы сахна сыртындағы құпиялармен бөлісті
АСТАНА. KAZINFORM – Silk Way Star тек әдемі шоуға құрылған жоба емес. Сахна сыртында үлкен дайындық, қауырт тіршілік жатыр. Бұл туралы жобаның шеф-редакторы Қасымхан Алдашев Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
Қасымхан Алдашевтің айтуынша, жобаның жемісті болуында шығармашылық құрамның еңбегі жатыр.
– Бастапқыда қатысушылардан анкета жинау, бейнебайланыс орнату бәрі құрамға үлкен жүктеме болды. Әр шығарылымның жоспарын түздік, сценарийін талқыладық. Редакторлар қауырт жұмыс істеді, кейде күтпеген қиындықтар туындады. Жоба барысында тілдік кедергілер де болды, кейде шетелдік әділқазылар өз ана тілінде сөйлеп кететін. Сол кезде аудармашылар дереу араласып отырды, – дейді ол.
Шеф-редактор гранд-финалдың 120 миллион аудиторияны қалай жинағанына да тоқталды. Айтуынша, бұған қатысушылардың жан-жақты қырын көрсететін техникалардың қолданылуы әсер еткен.
– Қатысушылардың болмысын барынша ашуға тырыстық. Жобаның күнделігінде әрбірінің ерекше қырын көрсеттік. Мысалы, қытайлық қатысушы Чжан Хэ Сюань күміс бұйымдардан коллекция жинауды ұнатады. Тәжікстаннан келген Фахриддин Хәкімов бұрын кәсіби спортшы болған, ауыр жарақаттан кейін өнерге бет бұрған. Армениялық Саро Геворгян бұған дейін 10 байқауда қатарынан жеңіске жеткен. Ал жеңімпаз Мишель Джозеф ел біле бермейтін уртын дуу техникасымен танымал. Осындай қызықты детальдар көп болды, біз оларды үзбей бөлісіп отырдық. Көрерменнің байқауды тапжылмай қарағаны да содан, – деді Қасымхан Алдашев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Silk Way Star байқауының финалында Әзербайжан мен Армения өкілдерінің арасында қызықты жағдай болды.