СІМ Байқоңырға қатысты дүрбелең тудырмауға шақырады
Бұл туралы ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің орынбасары Жанболат Үсеновтің түсініктемесінде айтылған.
«Ең алдымен, Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестіктің стратегиялық сипатын тағы да атап өткім келеді. Ал ресейлік газетте жарық көрген мақала болса, біз оған қатысты келесіні хабарлаймыз. Өзінің сапары алдында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Коммерсант» газетіне сұхбат берген болатын. Онда ол қазақстандық тараптың Байқоңыр мәселесіне қатысты ұстанымын толық ашып айтты. Бұл сұхбат ертең жарық көруге тиіс. Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесе қолдану - біздің екіжақты қарым-қатынасымыздың күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Бұл қарым-қатынас дәстүрлі түрде әріптестік және одақтастық рухында жүзеге асады. Өздеріңізге белгілі болатындай, аталған мәселе өткен жылдың аяғында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясына сапары аясында екі елдің басшыларымен талқыға салынған болатын», - деді ол.
Оның атап өтуінше, бүгінде Байқоңыр ғарыш айлағын қолдануға қатысты барлық мәселелерді талқылаудан өткізетін жұмыс үдерісі жүріп жатыр. Екі елдің Премьер-Министрлерінің орынбасарлары Қ.Келімбетов пен И.Шувалов бастаған арнайы екіжақты комиссия жұмыс істеуде. 30 қаңтар күні Мәскеуде комиссия басшыларының кездесуі жоспарланған.
«Қазір біздің Сыртқы істер министріміз Ерлан Ыдырысовтың Мәскеу қаласына сапары өтуде. Сапар барысында Е.Ыдырысов өз әріптесі Сергей Лавровпен де Байқоңыр мәселесін қарастыратын болады. Нақты айтқанда, бүгінгі таңда Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесе қолдану мәселелері бойынша әдеттегі келіссөздердің жұмыс үдерісі жүріп жатыр. Оның барысында қазақстандық тарап, Ресей біздің тарихи әріптесіміз және одақтасымыз екенін толығымен ескере отырып, ең алдымен өзінің ұлттық мүдделерін басшылыққа алуда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық БАҚ өкілдерін бұл мәселе төңірегінде дүрбелең тудырмауға шақырғым келеді. Әрине, мәселе күрделі технологиялық кешен, күрделі инфрақұрылым мен сол өңірде тұратын халықтың тағдыры жайлы болып отыр. Дегенмен, Қазақстан мен Ресей өзінің 21 жылдық ынтымақтастығы барысында бұданда ауыр мәселелерде өзара тиімді шешімдер таба білген. Байқоңыр мәселесі де екіжақтың өзара мүдделерін қанағаттандырып, өз шешімін табатынына сенімдіміз», - дейді Ж.Үсенов өз түсініктемесінде.