СІМ демалыс маусымында шетелге шығушылар үшін жадынама әзірледі

АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жазғы демалыс маусымында шет елдерге демалысқа барушыларды сақтыққа шақырады.

Бұл туралы бүгін өткен брифинг барысында ҚР СІМ ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлімдеді.

«Демалыс маусымы қызған қазіргі шақта біз шетелге шығатын барлық отандастырымыздың назарын Сыртқы істер министрлігінің ұсынымдарына аударғымыз келеді. Біз қазақстандық туристер үшін жадынама дайындадық. Бұлар барлық туристік компанияларда, әуежайларда, көші-қон бөлімшелерінде болады», - деді брифинг барысында ресми өкіл.

Жадынамада азаматтардың шет елдерге саяхат кезінде қиындықтарға тап болмауы үшін қарапайым кеңестер мен нұсқаулықтар берілген. Бұл ел азаматтарының шетелдегі сапарын қауіпсіз өткізуге көмектесетін болады.

«Шетелге шығушыларға біздің елшіліктердің байланыс телефондарын жазып алуларына кеңес береміз.  Консулдық есепке тұру міндетті, бұл форс-мажор жағдайларында біздің консулдық қызметкерлерінің азаматтармен жедел байланысуына көмектеседі. Сақтандырудың болғаны да маңызды», - дейді ол.