СІМ Е. Ыдырысов Швеция Корольдігінің Сыртқы істер министрімен ресми келіссөздер өткізеді

None
АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - 20 наурыз күні Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Швеция Корольдігіне ресми сапармен баруды жоспарлап отыр. Стокгольмға сапары аясында қазақстандық дипломат Швеция Сыртқы істер министрі Карл Бильдтпен ресми келіссөздер өткізетін болады деп күтілуде. Бұл туралы бүгін СІМ өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, келіссөздер шеңберінде саяси және сауда-экономикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастық, сонымен қоса халықаралық өзекті тақырыптар бойынша халықаралық аренадағы өзара ықпалдастық мәселелері қарастырылатын болады. Бұдан бөлек, министр Е.Ыдырысовтың Швеция Парламенті депутаттарымен кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты дамыту болашағы талқыға салынатын болады.

«Сапар бағдарламасында СІМ Ерлан Ыдырысовтың Стокгольм мектебі жанындағы Стокгольм өтпелі экономика институтында «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» тақырыбында баяндама жасайтыны қарастырылған», - дейді Ж. Үсенов.