Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Бірқатар БАҚ-та жарияланған 2013 жылғы 5 желтоқсанда Киев қаласында Қазақстан елшісінің ұлын соққыға жыққаны туралы ақпаратқа қатысты, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Қазақстанның Украинадағы елшісінің екі ұлы да аман-сау», делінген ҚР сыртқы саясат ведомствосының хабарламасында.
Қазір қазақстандық елшіліктің қызметкерлері Украина Жоғарғы Радасының депаутаты Александр Ефремовпен хабарласып, оның мәлімдемесінің мәнісі жайлы түсіндірме алуға тырысуда.
«Сонымен бірге, елшілік Украинаның құқық қорғау органдары арқылы Қазақстанның басқа да азаматтарына қатысты осы ақпаратты тексеруде», - деп қосты баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, Аймақтар партиясы фракциясының көшбасшысы Александр Ефремов «Шустер Live» бағдарламасының эфирінде Киевте Жоғарғы Раданың бұрынғы халық депутатының ұлын ұрлап кеткенін хабарлаған болатын.
«Ол Қазақстан елшісінің ұлымен бірге Киев қаласының көшесінде келе жатты. Қазақстан елшісінің ұлын соққыға жықты. Ал оны машинаға салып алып, белгісіз бағытқа алып кетті», - деп әңгімеледі А.Ефремов.