СІМ ресми өкілі Өзбекстанның ҰҚШҰ-дағы мүшелігін тоқтату туралы шешіміне байланысты түсініктеме жасады

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев Өзбекстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымында мүшелігін тоқтату туралы шешіміне байланысты түсініктеме жасады.

«Өзбекстанның ҰҚШҰ құрамынан шығуы туралы мәселеге тоқталатын болсақ, аталған елдің Сыртқы істер министрлігі ұйымның хатшылығына тиісті нотаны жолдады. ҰҚШҰ хатшылығы бекітілген тәртіпте ұйымға мүше барлық елдерге хабарлады», - деді А.Әбибуллаев. Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, аталған мәселе ҰҚШҰ жарғысына сәйкес шешілетін болады және бекітілген тәртіпте ұйымға мүше елдердің деңгейінде қарастырылады. «Осы мәселе ҰҚШҰ-ға қатысушы елдерге зерделеніп жатыр. Біздің тұрақты өкілдер бұл мәселені тұрақты әрі қалыпты жолмен талқылайтын болады», - деді ол.