Симба Алматыға ұшып келді: Оған зообақта жаңа үй салып береді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ақтаудан табылған Симба атты арыстан ұшақпен Алматыға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев өзінің Instagram парақшасында мәлімет таратты.

«Симба аман-есен Алматыға ұшып келді. Ол әзірге карантинде болады» деп жазды Ержан Еркінбаев өз парақшасында.

Оның айтуынша, жыртқыш оқшауланып жатқанда хайуанаттар бағының әкімшілігі оның келешекте тұратын үй-жайын қалай жабдықтайтынын ойластырып жатыр.

«Біз Симба мекендейтін үйдің үлгісін жасап жатырмыз. «Қазақстанда қар барысының популяциясын сақтау қоры» ең жылдам әрі қолайлы шешімді таңдайды. Экспозициялық әйнек қолданған жөн бе, әлде заманауи әдемі тор дұрыс па, қалай ойлайсыздар?» деп сұрайды оқырмандарынан «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.


Еске сала кетейік, 25 маусымда Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылының жергілікті тұрғындары көшеде жүрген арыстанды көріп, дабыл қаққан болатын. Жыртқыш жануарды мамандар ұстап, циркке табыстады.

Кейін Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет арыстанның тағдыры туралы айтып берді.

10 шілдеде жыртқыш жануарды заңсыз асыраған Ақтау тұрғынына сот үкімі шықты.