Сындырылған сырғанақ, ойрандалған орындық: ШҚО-да вандалдарға тосқауыл қойылмай тұр

Фото: ШҚО Полиция департаментінен

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында вандалдар «аттан түспей тұр». Қоғамдық орындардағы мүлікті қасақана бүлдіріп, тарихи ескерткіштерді қорлап, жаңадан салынған саябақтар мен аулаларды ойрандап кетіп жатыр. Оларға тосқауыл бола ма? Жастарды вандализмнің ауылынан алыстату үшін не істеу керек? Kazinform тілшісі бұл сауалдардың жауабын іздеп көрді. 

Бүлінген бақтардың тізімі жасалды

Өскеменде жыл санап демалыс орындарының, саябақтар мен аллеялардың саны артып келеді. Әсіресе былтыр қала күніне орай бірнеше қоғамдық алаң бой көтергенде жұрт шын қуанды. Алайда бір жыл өтпей-ақ сол жерлерді вандалдар қиратып кетіп жатыр. Мәселен, машина жасау зауыты маңында өткен жылы ашылған жаңа бақтағы әткеншектерді белгісіз біреулер шағып тастаған. Бүлінген жерлердің көптігі сондай қалалық ТҮКШ бөлімі жөндеуді қажет ететін орындардың тізімін жасауға мәжбүр болды.

— Кей адамдар ашықтан-ашық вандализмге барады. Жаңа саябақ салсақ сондағы элементтер бір жылдың ішінде жарамсыз болып қалады. Халық қоғамдық жерлердегі мүлікті күтіп ұстамайды. Қазір қала бойынша жөндеуді қажет ететін демалыс орындары көп. Бірақ бәрі қаражат мәселесіне келіп тіреледі, — дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов.

Осыдан бірнеше жыл бұрын 9 және 11 жастағы екі баланың Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің құрметіне орнатылған Даңқ мемориалын бүлдіргені жұрттың жағасын ұстатқан-тұғын. Олар Мәңгілік алаудағы жасанды гүлдерді өртеп жіберген. Бұнымен қоймай, жанған гүлдерді соғыс ардагерлерінің аты-жөні жазылған ескерткішке төсеген. Тәртіп сақшылары балаларға және ата-анасына түсіндіру жұмысын жүргізген еді.

Фото: ШҚО Полиция департаментінен

Ал 2023 жылы Алтай ауданы Серебрянск қаласында 3 жігіт бес жол белгісі мен автобус аялдамасы павильонын ермек үшін талқандап кеткен. Осының салдарынан келген шығын 1 млн теңгеден асты. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында үш күдіктіні ұстады. Оларға ҚК-нің 202-бабы 1-бөлігімен (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) іс қозғалды.

Фото: ШҚО Полиция департаментінен

2024 жылы Өскеменде ер адам Жібек жолы көшесіндегі автобус аялдамасын шағып, 78 248 теңге шығын келтірді. Сот шешімімен ол 5 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ Риддерде екі баланың ойын алаңын бүлдіріп жатқанын көрген жандар полицияға хабар берген. Тәртіп сақшылары олардың ата-анасына айыппұл салды.

Фото: Өскемен қалалық ТҮКШ бөлімінен

Вандализмге барғандар арасында кәмелеттік жасқа толмағандар қатары көп. Олар қыстың күні жылы аялдамаларды да шағып кетіп, халыққа қолайсыздық тудырып жатады.

Қандай жаза қарастырылған?

Тұрғындар дабыл қағып жатса да ШҚО Полиция департаменті 2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында вандализм фактілері ресми түрде тіркелмегенін мәлім етті.

— Вандализм болған жағдайда полиция қызметкерлері жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларымен және «Мерген» жүйесінің көмегімен қылмысты ізін суытпай ашады. Осындай заңсыз әрекетке барған адам Қылмыстық кодексінің 294-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Соған сәйкес, қоғамдық орындарды, тарихи-мәдени ескерткіштерді, табиғи немесе мемлекет қорғайтын нысандарды бұзғандар 172 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегіліп, 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал 16 жасқа дейінгі балалар вандализм жасаса олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне ӘҚБтК-нің 448-бабымен 15 АЕК (25 875 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, — деп жауап берді департамент бастығының орынбасары Рифхат Тауфиков Kazinform тілшісінің сауалхатына.

Ведомство мәліметінше, тәртіп сақшылары осындай қылмыс пен құқық бұзудың алдын алу мақсатында мектеп және колледж оқушыларына профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.

«Балаңызбен ашық сөйлесіңіз»

Осы ретте, психолог пікірін біліп көрдік. Жазира Мұратбайқызының айтуынша, жастар ішкі күйзеліс, ашу, агрессияны сыртқа шығара алмай, эмоцияны басқарып, ішкі күйзелісті сөзбен жеткізе білмеуден вандализмге барады.

Фото: Жазира Мұратбайқызының жеке архивінен

— Жастар өздерін қоғамнан шеттелгендей сезініп, «Мені ешкім елемейді», «Айтқанымды қаперге де ілмейді» деп іштей наразылық танытады. Бұзақылық — қоғамға өзін таныту амалы болуы әбден мүмкін. Ата-аналар балаларының бос уақытын дұрыс пайдалануы үшін оларды түрлі секцияларға, спорт пен өнерге бағыттағаны дұрыс. Жастардың осындай заңсыз әрекетке баруына — үйде ата-ананың, жақындарының қамқорлығы мен махаббатының жетіспеуі себеп болуы ықтимал, — дейді ол.

Психолог жастарға бірден үкім шығарып, қаталдық танытқаннан гөрі, түсіністікпен қарап, ашық сөйлесіп, «Не үшін бұлай жасадың», «Сол кезде қандай сезімде болдың?» деп сұрақ қою қажеттігін жеткізді.

— Балаға «Ашуландың ба?» «Не себепті»?, «Қай кезде айтқаныңа құлақ аспайтынын сезіндің?» деп сөзге тартқан дұрыс. Содан соң қоғамдық жұмыстарға тартып, пайдалы бағыттарға баулу керек, — дейді Жазира Мұратбайқызы.

«Қоғамға деген құрметке баулу керек»

Өскемен қаласы әкімдігі Жастар орталығының жетекшісі Бақытжан Ерболқызы жас буынның вандализмге баруының алдын алу үшін не істеу қажеттігіне қатысты пікір білдірді.

— Соңғы уақытта Өскеменде жастар арасында вандализм әрекеттерінің көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Әсіресе саябақтарды, балалар ойын алаңдарын, аялдамаларды, тарихи және қоғамдық маңызы бар нысандарды бүлдіру жиілеп кетті. Мұндай әрекеттер — тек материалдық шығын ғана емес, қоғамдық тәртіп пен мәдениеттің құлдырауының белгісі. Вандализмнің себептеріне келсек, бұл көбінесе қоғамдық орындарға деген құрметтің болмауы, отбасылық және тәрбиелік жұмыстардың әлсіздігімен байланысты. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде осындай теріс әрекеттердің насихатталуы да ықпал етіп жатыр, — дейді ол.

Спикер өз сөзінде мәселені шешу үшін ата-аналардың тәрбиелік рөлін күшейтіп, әр жасөспірімнің бойына туған жерге, қалаға, қоғамға деген құрметті бала жастан сіңіру қажеттігін жеткізді.

Фото: Бақытжан Ерболқызының жеке архивінен

— Қоғамдық орындарға бейнебақылау орнатып, заңсыз әрекеттерге барғандарды жауапкершіліктен жалтартқызбау керек. Вандализмге қарсы қоғамдық акциялар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастарды өз қаласын қорғаушы ретінде тәрбиелеудің маңызы зор. Жастар ұйымдары өз тарапымыздан да вандализммен күрес бағытында нақты жұмыстар жүргізіп келеміз. Мысалы, тарихи және мәдени маңызы бар орындарда «Таза қала — біздің ортақ үйіміз» акциясын ұйымдастырдық. Осы акция барысында жастар тек қана тазалық жұмыстарымен айналысып қана қоймай, сол орындардың тарихи маңыздылығымен де танысып, оларды сақтау қажеттілігі туралы пікір алмасты. Бұдан бөлек, жастар арасында қала мәдениеті мен жауапкершілігі туралы бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желілерде тарату арқылы кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын қолға алдық. Бұл бастамалар жастардың ой-санасына әсер етудің тиімді тетігі, — дейді Бақытжан Ерболқызы.

Еске салсақ, осыған дейін Астанада жыл басынан бері вандализмге барған 160 адам жазаланғаны хабарланған