Сингапур премьер-министрінің орынбасары Гань Ким Юн жаңа жобаларды сейсенбі күні Сингапурдың инновациялар мен технологиялар апталығының ашылу салтанатында жариялады. Бастамалар ЖИ технологияларын озық өндіріс, қаржы, денсаулық сақтау және логистика салаларына енгізуге бағытталған бұрын қабылданған ұлттық бағдарламалардың жалғасы саналады.
— Жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттыруға, жаңа өнімдер мен технологияларды әзірлеуге мүмкіндік береді, — деді ол құттықтау сөзінде.
Негізгі бастамалардың бірі — EnterpriseSG агенттігінің жетекшілігімен жүзеге асатын Champions of AI жобасы. Оған DBS, Singapore Airlines және Singtel секілді ірі компанияларды қоса алғанда, 24 кәсіпорын қатысады. Жоба аясында компанияларға цифрлық трансформацияның жеке жоспарлары ұсынылып, сарапшылардың қолдауы көрсетіледі. Сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және оларды жаңа дағдыларға үйретуге көмек беріледі.
Шағын және орта бизнес өкілдеріне жасанды интеллект агенттерін енгізуге арналған практикалық семинарлар ұйымдастырылады. Мұндай агенттер белгілі бір міндеттерді өз бетінше орындап, дербес шешім қабылдай алады. Пилоттық жоба аясында сатылым мен маркетингке арналған интеллектуалды құралдарды 280-нен астам компания сынақтан өткізіп үлгерген.
Бұдан бөлек, Catalytic AI Solutions және MARVEL-AI жобалары іске асырылады. Олар логистика мен сауда салаларындағы үдерістерді оңтайландыруға, сондай-ақ жасанды интеллект пен автоматтандырудың көмегімен озық материалдарды әзірлеуді жеделдетуге бағытталған.
Бұған дейін шетелдік инвестор Астананы болашақта Дубай мен Сингапур деңгейіне көтерілуі мүмкін қала ретінде атағаны хабарланған еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сингапурдың су басқару тәжірибесі Қазақстанда қолданылуы мүмкін екенін жаздық.