Сингапурлық доллар бағамы соңғы 3 жылда ең төменгі деңгейге дейін түсті. Бұған дейін ол әр уақытта да тұрақтылығымен ерекшеленген болатын. Тіпті, 2010 жылдың ортасында валюталық жұп АҚШ доллары мен Сингапур доллары өсудің жоғары шегіне жеткен еді. Қазіргі бағамның төмендеуі Оңтүстік-Шығысазиялық мемлекеттегі импортқа тәуелді компанияларға теріс әсер еткелі тұр. Енді АҚШ, Австралия секілді елдерден әкелінетін заттардың бағасы әлдеқайда қымбатқа түседі. Сонымен қатар шетелде оқып жүргендерге біраз қиындық туады. Дегенмен, ұлттық валюта бағамының төмендеуі елдегі экспорт және туризм саласына оңды өзгерістер әкеледі деген пікір туындауда. Ал АҚШ-тың қор нарығындағы компаниялардың болжамы қуантарлықтай емес. Америкалық мамандардың мәлімдеуінше, халықаралық валюта нарығындағы жағдай біршама ушығуы мүмкін. Тіпті, әйгілі Аpple компаниясы өткен жылды жоғары табыспен аяқтаса да, акцияларының бағасы едәуір төмендеді. Ал инвесторлар АҚШ долларының қымбаттап, басқа елдердің валюталары құлдыраған мұндай жағдайда америкалық экспорттаушылардың кіріс өсімі ұзаққа бармайтынын жақсы біліп отыр.