Келісімге 2018 жылғы 21 қарашада қол қойылды.
«Инвестициялық ынтымақтастық екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды аспектісі саналады. Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші серіктестерінің бірі және әлемдегі маңызды қаржылық хабтардың біріне айналған. Қазір инвестиция саласында екіжақты қарым-қатынастар белсенді дамып келеді», - деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан экономикасын дамыту үшін Сингапур инвестицияны тиімді басқарудың тәжірибесі мен технологиясын ұсына алады. Бұл құжат аясында инвесторлардың халықаралық құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету ескерілген.
«Атап айтқанда, келісім инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың құқықтарының кепілдіктерін бекіту арқылы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құруды қарастырып отыр. Құжат ратификацияланған жағдайда, оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді», - деді министрдің орынбасары.