Сингапур іс бойынша тәркіленген 2,3 млрд долларлық активтерін сатпақ

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Сингапурда тарихта ақшаны жылыстату бойынша ең ірі ісіне қатысушылардан тәркіленген сәнді заттар мен бағалы металдар сатылады, деп хабарлайды The Straits Times. 

Сингапур полициясының мәлімдеуінше, ол 12 тамызда ақшаны жылыстату ісі бойынша 466-дан астам сәнді заттар мен 58 алтын құймаларын қамтитын қолма-қол ақшасыз активтерді басқару және жою үшін Deloitte & Touche Financial Advisory Services консалтингтік компаниясын жауапты етіп тағайындады.

Сатылымға Patek Philippe және Richard Mille сағаттары, гауһар тасты зергерлік бұйымдар, Hermes және Louis Vuitton сөмкелері, сондай-ақ әрқайсысының салмағы 999 г пен 1 кг аралығындағы алтын құймалары кшығарылады. Активтердің бір бөлігі, соның ішінде жылжымайтын мүліктің 54 нысаны 2024 жылы сатылған.

Deloitte аукциондар мен тікелей келісімшарттарды қамтуы мүмкін активтерді сату бойынша ұсыныстар шығарады. Үкімет бекіткеннен кейін түскен қаражат мемлекеттік шығындарды қаржыландыратын Сингапурдың Шоғырландырылған қорына түседі.

Күдіктілерді ұстау бойынша кең ауқымды арнайы операция 2023 жылдың 15 тамызында жүргізілді. Рейдтер барысында онлайн алаяқтық және заңсыз құмар ойын ойнаумен айналысқан 10 адам ұсталды. Тағы 17 күдікті жылжымайтын мүлік, автокөліктерін және басқа да құндылықтарын қалдырып, елден шығып үлгерген.

2024 жылы барлық 10 тұтқын кінәлі деп танылып, ақшаны жылыстату, құжаттарды қолдан жасау және қамауға алуға қарсылық көрсеткені үшін 13-17 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын өтеген соң олар жер аударылып, өмір бойына елге кіруге тыйым салынды.