«Сингапур, Швеция»: Алматылық 300 мұғалім былтыр шетелде тағылымдамадан өтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Былтыр Алматының 6 мыңға жуық ұстазы шетелде және Қазақстанда тағылымдамадан өткен. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» атты педагогтардың қалалық тамыз саммиті барысында хабарлады.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматының білім беру саласына тиімді шетелдік инновациялық тәжірибені енгізу үшін былтыр 207 мектеп, балабақша директорлары мен орынбасарлары және білім беру жүйесінің педагогтары Ұлыбританияда, Швецияда, Финляндияда, Эстонияда, Сингапурда, Жапонияда, Ресейде шетелдік тағылымдамадан, ал ел ішінде 5700-ден астам ұстаз тағылымдамадан өткен.

Қала басшысының айтуынша, шетелдік инновациялық тәжірибе негізінде Алматы педагогтары мектептер үшін 117 бағдарлама мен жоба және балабақшалар үшін 35 жоба әзірледі.

«Мұғалім білім берудегі негізгі буын болып қала береді, сондықтан басты мақсатымыз - мұғалімдерді қолдау», – деді Ерболат Досаев.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы мектептерінде мұғалімдерге көмекші ретінде жасанды интеллект қолданылатынын жазғанбыз.