Сингапурде өткен Жасөспірімдер олимпиадасында Қазақстан 205 елдің ішінде 24-ші орын алды

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Қазақстандық спортшылар Сингапурде өткен Жасөспірімдердің Олимпиадалық ойындарында үш алтын (екеуі - команда қоржынына, біреуі - аралас «Миксед Тим» командасының қоржынына ), екі күміс және екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің Штаттық ұлттық командалар мен спорттық резервтер дирекциясының баспасөз қызметінен.

Бұдан бұрын хабарлағандай, алғаш рет өтіп отырған Жасөспірімдердің Олимпиадалық ойындарында Жәнібек Қандыбаев (грек-рим күресі), Жазира Жаппарова (ауыр атлетика) чемпион атанса, Зульфия Чиншанло (ауыр атлетика), Нұрсұлтан Мамаев (таэквандо) - «күміс» медаль қанжығалады. Ал Ахан Баймағанбетов (грек-рим күресі) пен Рустем Сыбай (ауыр атлетика) қола жүлдені қанағат тұтты.

Бейресми командалық есепте Қазақстан, Олимпиадаға қатысқан 205 елдің ішінде 24-ші орынға табан тіреді. Қазақстан құрамасының барлық мүшелері бірінші рет өтіп отырған ойындардың тарихына алғашқы қатысушылар ретінде қалады, олардың барлығына Олимпиада ұйымдастырушылары Сертификаттар табыс етті.

Үшінші алтынды қарағандылық Қайрат Ағыбаев жеңіп алды. Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ұйымдастырушылары конкурстан тыс өнер көрсеткен «Миксед Тим» командасын жасақтаған болатын. Ол командаға өз спорт түрлерінде жақсы рейтингке ие спортшылар кірді. Қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика эстафетасында және дзюдо жарысында өнер көрсетті, атлет қыздарымыз сәтсіз өнер көрсетті. Ал дзюдода 8 бірлескен команда өнер көрсетті. Осы командалардың жекпе-жегінде «Эссен» командасы жеңіске жетті. Осы жеңіске біздің Қайрат Ағыбаев қомақты үлес қосты. Оның алтын медалі Қазақстан құрамасының қоржынына кірген жоқ, бірақ өзі үшін және елі үшін Қайрат алтын медаль жеңіп алды - ол Олимпиада чемпионы!

Сингапурде өткен Жасөспірімдер Олимпиадалық ойындарында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының барлық делегациясы тамыздың 28-інде Алматыға Дубайдан «Эйр Астана» әуекомпаниясы рейсімен оралады.